Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қарттарға құрмет – зор міндет

Қарттарға құрмет – зор міндет



1 қазан – Халық­аралық қарттар күні. Осы күн Бірік­­кен Ұлттар Ұйымы Бас­­ Ассамблея­сының 1990 жыл­ғы қаулысымен арнайы белгіленген бола­тын. Со­дан бері мереке елімізде кеңінен ат­алып өтіліп кел­еді. Негізі­нен бұл күн – аға­ ұрпақтың қоғам өмір­­і­не қосқан үлесіне шынайы ризашылық біл­діретін және қам­қор­лық­ көрсететін ерекше­ мейірімге толы күн. Бола­шақ жастар мен орта буын өкілінің қазыналы қарттардан алар тағылымы мол. Аудандағы зейнеткерлерге, жалғызбасты жандарға, мүгедек­терге, қамқорлық пен күтiмдi қажет ететiн азаматтарға жылдағы бағыт бойынша ерекше көңiл бөліп келеді. Осы ретте, үлкенге құрмет көрсетуде шиеліліктер салтынан жаңылған емес. Бұл сөзімізді Арман­ мәдениет үйінде өткен салтанатты шара дәлелдей түсті.
Тәуелсіздік пен береке – бірліктің несібесі бұйырған, тарихы терең, тағылымы мол халықтың ұрпағымыз. Олай болса, аға буынның жемісті еңбегі екендігі айдан анық. Ел басына күн туған қилы кезеңде ақсақалынан бата алған, ақ жаулықты аналарын төрге оздырған батыр елдің ізбасарымыз. Қарт кісіні құт-береке деп танысақ, ол - ұрпақтың көрегендігі емес пе?! Жүйрік уақыттың ұшқыр қанатымен мағыналы ғұмырында биік бір белеске жеткен ата – апаларымызға ыстық ықыласымыз шексіз. Олар қиын-қыстау заманда ел үшін аянбай еңбек етіп, балаларын өсіріп, білім беріп, жетілдірді. Даралық пен даналықты бойларына жинаған Сыр перзенттері әр түрлі салада қызмет етсе де, туған жері мен елі үшін еңбек еткен зейнеткерлер, ауылдың өркендеуіне елеулі үлес қосқан еңбек ардагерлері де бар. Қашанда қариялардың көкірегі өсиетке толы. Көргені көп адамдардың ақылын тыңдап, сөзін санаға түйіп жүргеннен ешкім жаман болмаған. Елбасы «Жалпақ жұртыңды құрметтеу, туған өлкенің тарихын танудан, адамдарын ардақтаудан бас­талады» дегенді алға тартқан болатын. Осы тұрғысынан аудандағы қарттарды құттықтау мақсатында, сахна төріне шықты аудан әкімі Ә.Оразбекұлы.
– Баршаңызды бүгінгі Халықаралық қарттар күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Қарттарға қамқорлық – біздің халқымыздың дәстүрінде дәріптеліп, салты мен санасына берік орныққан қасиет. «Ата қайратты болса, бала ғибратты болады» деген сөз бекер айтылмаған. Елдің берекесі мен жас ұрпақтың өнегесіне әр уақыт қолдау көрсетіп, ел келешегінің жарқын жолын жарасымды жалғап келесіздер! Қарт дегеніміз – ағып жатқан дария,теңіз іспеттес. Қариялар - халқымыздың өткені мен бүгінін жалғайтын алтын көпір, тұнып тұрған шежіре, кемел тарихымыз. «Қарты бар елдің қазынасы бар», – деген аталы сөз осыдан қалса керек. Аудандағы майдангерлер ансамблі, әжелер ансамблі әруақыт өнерімен халық ықыласына бөленіп келеді. Сондықтан, біз қай кезде болсын ардагерлерімізді ардақ тұтамыз, оларды қамқорлыққа алуды өзіміздің перзенттік парызымыз деп білеміз, – деп мерекеге орай ізгі лебізін жолдады.
Елбасы Н.Назарбаевтың сарабдал­ саясатының арқасында Қазақстанда ардагерлерді құрметтеу, әлеуметтік қолдау, қамқорлық жасау шаралары жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауы, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы, «Бес әлеуметтік бастама» Үндеуін іске асыруға арналған бағдарламалар мен Президент тапсырмалары халықтың, оның ішінде қарттар мен балалардың, жұмыссыз жастардың, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың әл – қуатын арттыруға бағытталып отыр.
Қазіргі таңда аудан бойынша 8 158 зейнеткер болса, оның ішінде 2 Ұлы Отан соғысының ардагері, 12 тылда қажырлы және мінсіз әскери қызметі үшін марапатталған ардагерлер бар. Үлкендердің кейінгіге берер тәлім-тағлымының біздер үшін орны бөлек. Мұнымен қоса, 1941-1945 жылдар аралығында тылда еңбек еткен 545 ардагерлер назардан тыс қалған емес. Атап айтқанда, облыстық бюджеттен 2 Ұлы Отан соғысының ардагеріне 192,4 мың теңге, «Ерен еңбегі үшін» медалі мен «Озық еңбегі үшін» ордендерімен марапатталған 12 тыл ардагерлеріне сауықтыруға біржолғы материалдық көмекке 577,2 мың теңге бөлініп, 769,6 мың теңге игерілді. Сондай-ақ, 1941-1945 жылдары тылда алты айдан кем емес жұмыс істеген 545 тыл ардагерлеріне 72 150 теңгеден төленіп, барлығы 39 322,0 мың теңге көлемінде ақшалай қаражат жұмсалды. Сонымен қатар, ерекше жандардың денсаулығына аса мән беріліп, шығармашылығын, кәсібін қолдау мақсатында түрлі шаралар өңір көлемінде ұйымдастырылып келеді. Аудан бойынша мүмкіндігі шектеулі азамат 2367 болса, оның ішінде I топтағы 167, ІІ топтағы 791, III топтағы 924, 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар 485 тіркелген. «Думан-Шиелі» әлеуметтік қолдау орталығында 297 ардагер, 40 мүмкіндігі шектеулі балалар демалып, сауықтырылды.
Бұл - мемлекетіміздің қарттарға, айрықша қолдау күтетін жандарға деген шынайы қамқорлығының жарқын көрінісі. Иә, олар жүріп өткен жол біздің қоғамымыздың сан қилы кезеңдерімен тұстас келді. Қарттарымыз соның қай-қайсысында да алдыңғы қатарда жүріп, шама шарқынша үлес қосып, ауданның дамып өркендеуіне үлес қосқандар. Бүгінде мерейлі күнде тағлымды тәрбие беріп, ізгі дәстүрлер сабақтастығын жалғастырып келе жатқан қарттарды мақтан тұтып, қоғам назарына бөленіп, өз еңбегі үшін лайықты марапатталып, сый-сияпат көрсетілді. Сөйтіп, жиынның келесі кезеңі салтанатты басқосудың мазмұнын әрлеген аудан өнерпаздарының ән-шашуы қарт көңілдерді серпілтіп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Осылайша, бұл күнгі көрген-білгеніміз үлкендерге құрмет көрсетіліп, мадақталды. Қарттарға қызмет көрсету оларға деген ізет бір күннің ғана аясына сыймайтындығын көрсеткендей.

Жұлдызай Ноғайбайқызы.
02 қазан 2018 ж. 5 057 0