Бүгін – Халықаралық қарттар күні
Ізгілік пен құрметке негізделген мереке БҰҰ Бас Ассамблеясының қаулысымен 1 қазан күні деп белгіленді, деп хабарлайды «Хабар 24». Алғашқыда бұл датаны Еуропада, кейін Америкада, ал 80 жылдардың аяғында бүкіл әлем атап өтетін болды. Статистика бойынша, қазір барлық жерде 65 жастан асқан адамдардың үлесі артып келеді. Әдетте бірінші қазан күні ата-әжелер туған-туыстары мен бала шағасынан құттықтаулар естіп, сыйлықтар алып жатады. Бірақ мұндай бақыт бәріне бірдей бұйырмаған. Әңгіме қарттар үйіндегі адамдар жайында. Мәселен, Аманжол Байшин бұл жерге өткен жылы келіпті. Жасы 75-те. Әбден кәрілікке бой ұрғанда, өмірді басқаша сүре бастау оңай емес әрине. Аманжол Байшин, қарттар үйінің тұрғыны: – Әркімнің әр түрлі жағдайы бар. Менікі пәтер жағдайы. Қазір 1 жыл болды. Жағдайым жаман емес. Кейіпкеріміздің тұрақты зейнетақысы бар. Оның өзі – мұндағы қарттар үшін үлкен жұбаныш. Ал Евгений Куликов әлі зейнет жасына жетіп үлгермепті. Қарттар үйіне келуіне денсаулық жағдайы түрткі болған. Соған қарамастан, аса белсенді, уақытын бос өткізбеуге тырсады. Ән айтады. Түрлі аспаптарда ойнайды. Евгений Куликов, қарттар үйінің тұрғыны: – Адамдар бір-біріне жылы шырай танытып жүру керек. Өмірдің әр сәтін қуанышпен өткізгенге не жетсін. Біз өзімізді тастанды есептемейміз. Бір-бірімізге көмектесеміз. Қолдан келгенше қолдау көрсетіп отырамыз. Қазіргі таңда қарттар санатына 60 пен 75 аралығындағы ер адамдар кіреді. Ал әйелдерде бұл көрсеткіш 55 жастан басталады. Осыны негізге ала отырып, елімізде 2 миллионға жуық ардагер бар деуге болады және олардың қатары жыл санап артып келеді.
www.24.kz
www.24.kz