Қарттарға қуаныш сыйлады
Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп өскен халықпыз. Арғы-бергі тарихты ақтарып көрсек біздің далада түрме, жетімдер үйі, қарттар үйі деген ұғымдар болмаған екен. Бірақ, осы күні ауданымызда пайдасы мол сауықтыру орталықтары жұмыс жасап келеді. Солардың бірі «Думан» сауықтыру орталығы. Аталмыш орталықта «Нартай» өнер мектебінің ұйымдастыруымен «Қарттарым – асыл қазынам» тақырыбында көңілді кеш өтті.
Редакцияға хабар кеш келіп, асығып «Думан» сауықтыру орталығына жеттік. Есігін ашқаннан қариялардың «Ай, бәрекелді» деген сөзін естіп, кештің қызып жатқанын байқадық. Жасы ұлғайған кісінің жадырап жүргенін көру бір бақыт емес пе? Ауданымыздың белді ақындарының бірі, «Нартай» өнер мектебінде, ақындар сыныбының жетекшісі Ержан Әміров арнау айтуда. Ата-әжелердің жанарынан – қуаныш, жүздерінен – риясыз күлкіге кенеліп, мақтауларға ие болып, алғыстарын айтты. Жасандылықпен алдамай, жанды дауыспен құлақтың құрышын қандыратын өнерпаздарымыз жеткілікті-ақ. Солардың бірі де, бірегейі Құрманбек Бекпейісов бастаған «Нартай» өнер мектебінің әнші-термешілері әуезді ән, жалынды жырларымен тыңдарманды тәнті етті.
Қариялардың тарам-тарам әжімдерінде, тарихтың қатпар-қатпар ізі жатыр. Келешекте сыйлы болу үшін, өткеніңе құрмет көрсетуің керек. Осы орайда, өткізілген кештің маңызы зор. Шара соңында көргені мен білгені көп, көне көз ақсақалдар мен ақ жаулықты аналар өнерпаздарға өнегесін айтып, ризашылығын білдіріп, батасын беріп шығарып салды.
Бекжан ЕРЖІГІТ.