ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЙОГА КҮНІ АТАП ӨТІЛДІ
Жыл сайын атап өтілетін дәстүрлі Халықаралық йога күні мерекесі биыл да жалғасын тапты. Кеше атаулы күнге орай «Алматы-Қазақстан, Үнді классикалық би орталығы», Тұран Университеті, Қазақстандағы Үндістан елшілігі, Үндістан елшілігінің Үнді Мәдени Орталығы бірлесе отырып халыққа арналған таңғы сауықтыру шарасын өткізді.
Мерекеге жиналған жұртшылыққа үнді классикалық билерінен концерттік қойылымдар көрсетіліп, йоганың пайдасы жөнінде кеңес берілді, бірлескен таңғы жаттығу жасалды. Биыл төртінші жыл қатарынан назарға алынып отырған Халықаралық йога күні мерекесін ұйымдастырушы – «Алматы-Қазақстан, Үнді классикалық би орталығы».
Ол – Қазақстан мен Орта Азиядағы халықаралық деңгейдегі тұңғыш және дара мекеме, халықаралық конкурстардың жеңімпазы. Орталық жұмысының мақсаты – адамның физикалық және рухани әлемін дамыту, үнді халқының классикалық биі арқылы жеке тұлғаның шығармашылық деңгейін анықтау және ағзаны сауықтыру.
Динара ТІЛЕУБЕК