Жүректен жүрекке: қайырымдылық –қадірлі іс
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының жария етілгенінен бері толағай табыстармен еселеніп жатқан еңбектер толастар емес. Елбасының бұл еңбегі мемлекеттік ұлттық идеологияға ұласқандығы бүгінгі атқарылып жатқан жұмыстардан айқын көрінеді. Туған жердің көркеюіне өз үлесін қосып жүрген меценаттарды, жеке тұлғалар мен заңды тұлғаларды, еріктілер
тобын мадақтауға арналған «Жомарт жүрек» республикалық конкурсының аудандық кезеңін марапаттау шарасы өтті.
Ел тарихы тұлғалар арқылы жасалатынын ескерсек, Сыр өңірінде көптің алғысына бөленіп жүрген жандар жетерлік. Бұл – атадан келе жатқан игі дәстүрдің бүгінгі жалғасы, қазақы қасиетіміздің айқын белгісі. Ағайынға болысу, әлсізді демеу, жасы кішіні қолдау – адамзатқа тән мейірімділік пен кеңдіктің көрінісі болып саналады.
Сейсенбінің кешінде аудандық мәдениет үйінде салтанатты жиын әдемі бейнероликпен басталды. Мұнан соң, лық толы халықтың қошеметімен сахна төріне көтерілген аудан әкімі Ә.Оразбекұлы Республикалық «Жомарт жүрек» конкурсының биылғы
лауреаттарын құттықтады. Аудан басшысы өз сөзінде: «Үстіміздегі жылы «Атамекен» кіші бағдарламасы
аясында білім, ғылым, мәдениет, қоғам, медицина, спорт саласына қолдау көрсеткен азаматтар туған жері мен елін, ауыл-аймағын өркендетуге үлес қосып, қамқорлық танытып жүрген, мұқтаж жандарға қайырымдылық жасаған жомарт жүректі жандарды, меценаттарды, бизнес-құрылым өкілдерін, ұйымдарды, еріктілерді құрметтеу мақсатында «Жомарт жүрек» салтанатты құттықтау рәсімін республикалық, облыстық, аудандық деңгейде өткізу қолға алынған. Бұл салтанатты құттықтау рәсімінің мақсаты – жомарт жүректі, кең пейілді азаматтардың жеткен жетістігін, елдік ұстанымды халқымызға кеңінен танытып, жас ұрпаққа үлгі ету, қайырымдылық, меценаттық және мейірбандық идеяларын танымал ету, азаматтар белсенділігінің үздік тәжірибелерін тарату болып табылады», – деп ізгі лебізін білдірді.
Сондай-ақ, аталмыш шараға арнайы келген облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Толыбайұлы, облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы Нұрлыбек Кәрібозұлы сөз сөйлеп, бүгінгі қоғамға, мұқтаж жандарға қолдау көрсеткен мецанаттарға, демеушілік жасап жүрген кәсіпкерлерге алғыстарын білдірді. Ауданымызда ірі әлеуметтік жобаларды іске асырғаны үшін, аз қамтылған, көп балалы жанұяларға, ата-ананың қарауынсыз қалған жетім балаларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға Ұлы Отан Соғысы ардагерлеріне, зейнеткерлерге қайтарымсыз көмек көрсеткені үшін «Жыл меценаты» номинациясымен Дәулет Жұмбеков марапатталды. Елді мекендерді абаттандыруға, демалыс бақтарды, аллеяларды, ескерткіштерді, балалар ойын алаңдарын реконструкциялауға және салуға, денсаулық сақтау, мәдениет, білім беру және спорт салаларына демеушілік көмек көрсетуге бағытталған әлеуметтік жобаларды іске асырғаны үшін «Туған өлке» номинациясын Ербол Жеңсікбаев алды. Белсенді азаматтық ұстанымы, әртүрлі бағыттағы кең ауқымды қайырымдылық қызметті жүзеге асырғаны үшін «Жыл тұлғасы» номинациясына Бауыржан Көпеев лайықты деп танылды. Әлеуметтік маңызы бар жобаларды, қайырымдылық жобаларды, сондай-ақ акцияларды тиімді жүзеге асырғаны үшін, қайырымдылық көмек берудің жаңа тиімді түрлерін енгізгені және қоғамдық маңызы бар шараларға бас демеушілік жасағаны үшін «Жылдың үздік ұйымы» номинациясын «Семізбай-U» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Иіркөл» филиалының директоры Мұханбетжан Салқынбаев иеленді. Волонтерлік қызметтерге белсенді қатысқаны үшін «Ерен еріктілік» номинациясымен Ерболат Құрманбайұлы мадақталды. Номинанттарға бағалы сыйлықтар тапсырылды. Әр қызметкер өз кәсібін мақтан тұтып, қоғам назарына бөленіп, өз еңбегі үшін лайықты марапатталып жатса, қай саланың болсын жұмысы жанданатыны сөзсіз. Сөйтіп, жиынның келесі кезеңі осы саланың мамандарын марапаттаумен айшықтала түсті. Атап айтқанда, С.Аманжолов, Ж.Серікболсын, Е.Жылқайдарұлы, А.Камалқызы
аудан әкімінің алғыс хатын иемденді. Елге еңбегі сіңген, өз істерінде үздік танылған қызметкерлерге ерекше құрмет көрсетілді. Салтанатты басқосудың мазмұнын әрлеген аудан өнерпаздарының ән-шашуы жұртты серпілтіп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Жұлдызай
Ноғайбайқызы.