Құрметтің төрінде мерейлі отбасылар
Елімізде соңғы бес жылдан бері ұйымдастырылып жүрген «Мерейлі отбасы» байқауының биылғы республикалық сайысында ауданнан Ерғали Ишанқұловтың отбасы жеңімпаз атанды. Елбасының атынан отбасылық микроавтобустың кілті табысталды.
Күз ырыс пен несібенің жиналып, қамбалардың толығуымен ерекшеленетін уақыт. Күрең күздің тамылжыған жаймашуақ бірінші айы мерекеге толы күндерімен есте қалады. Елбасының Жарлығымен екінші аптасы «Отбасы күні» болып арнайы белгіленіп, аталып өтілуде. Еліміздің түпкір-түпкірінде тойланатын бұл мереке аудан көлемінде де ескерусіз қалмады. Отбасы мерекесі – халықтың алтын босағасының арқауына айналған адами құндылықтарды айшықтайтын, отбасындағы бірлік пен берекені паш ететін, ұлттық үрдістің рухын көтеретін, шаңырақ өмірдің жақсылығын жария қылатын тағылымға толы мейрам. Елбасы: «Отбасы – Қазақстан қоғамының діңгегі, экономикасы, мәдениеті, әлеуметтік саясаттағы барлық жаңа жетістіктігінің негізі», – деп, отбасының қоғам үшін маңызын көрсетіп берді. Әрбір отбасы ар-намысын сақтауға, ұрпақ өсіріп, тәрбиелеуге, өз ұрпағының елге адал қызмет етуіне аса мән берген. Осындай дәстүрлі құндылықтар қазақтың қаймағы бұзылмаған Сыр өңіріндегі Шиелі ауданында ерекше сақталуы заңдылық. Олай болса, аудандағы өнегелі отбасылар қандай құрметке болса да лайық екенін ескеріп, төрден орын берілуі тиіс.
Бұл сөзімізге аудандық «Салтанат сарайында» «Отбасы – бақыт мекені» тақырыбымен өткен салтанатты шара тұздық бола алады. Отбасы құндылығын насихаттау барысында, Президент Жарлығымен 2013 жылы «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы жарияланған болатын. Міне, бесінші жыл өткізіліп келе жатқан байқауға қатысқан отбасыларды сахна төріне шығарып мәртебесін көтерді. Мұнан соң, лық толы халықтың қошеметімен сахна төріне көтерілген аудан әкімі Ә.Оразбекұлы:
– Отбасы күні – халықтық мереке. Тағдыр тоғыстырған сан ұлттың өкілі бақытты ғұмыр кешіп отырған елімізде әрбір отбасының мерейін де, келешегін де жалғастырушы жас ұрпақ. «Адам ұрпағымен мың жасайды», – деген халық даналығы отбасындағы тәрбиенің мәнін көрсетеді. Қазақтың тарихында киелі отбасылардың ұрпақтары туралы, олардың ел өміріндегі алатын орны, сіңірген еңбектері, қалдырған рухани байлығы, үлгі боларлық істері, өнегелі өмірлері жетерлік. Тек қана бүгін емес, өмірдің әрбір сәтінде жанұяларыңыздың ыстық ықыласы мен шексіз сүйіспеншілігіне бөлене беріңіздер. Баршаңызға зор денсаулық, береке-бірлік, жақсылық тілеймін! Шаңырақтарыңызда бейбіт те берекелі тірлік, татулық салтанат құрсын, – деп мерекеге орай ізгі лебізін жолдады.
Бүгінде мерейлі күнде тағлымды тәрбие беріп, ізгі дәстүрлер сабақтастығын жалғастырып келе жатқан әр отбасын мақтан тұтып, қоғам назарына бөленіп, өз еңбегі үшін лайықты марапатталып жатса, жанданатыны сөзсіз. Сөйтіп, жиынның келесі кезеңі осы «Мерейлі отбасы-2018» ұлттық байқауына аудандық кезеңге қатысқан 10 отбасын өңір басшысы Алғыс хатпен марапаттады. Аталмыш ұлттық байқаудың облыстық деңгейінің номинанттары атанған екі отбасына аудан әкімі диплом табыстады. Одан әрі республика деңгейінде жеңімпаз атанған Ишанқұловтар отбасын 100 мың теңгенің сертификатымен марапаттап, одан әрі шара айшықтала түсті. Елге еңбегі сіңген үлгілі отбасыларға ерекше құрмет көрсетіліп мадақталды.
Сөзімізді одан әрі жалғар болсақ, өз кезегінде Ерғали Ишанқұлов Елбасы мен аудан басшысына көрсеткен қолдаулары үшін алғыс айтып, барлық қазақстандықтарға береке-бірлік тіледі. Шиелі ауданы, Еңбекші ауылының тұрғыны Ерғали аға ерте жасынан мал шаруашылығымен айналысқан. Ол сүйікті кәсібін зейнеткерлікке шыққан соң да жалғастырып келеді. «Алтын алқалы» жары Бахирамен 62 жыл бір шаңырақ астында өмір сүріп, 14 ұл-қызды тәрбиелеп өсірді. Бүгінгі таңда, олардан 61 немере, 46 шөбере, 1 шөпшек сүйіп отыр. Өнегелі отбасында тәрбие алған 8 ұл мен 6 қыз әр салада жемісті еңбек етіп, елге қызмет етуде. Атап өтейік, биыл «Мерейлі отбасы» байқауына республикалық ақтық кезеңіне қатысуға облыстан Бәйменовтер мен Ишанқұловтар әулеті жолдама алып, Ишанқұловтар отбасы жеңімпаз атанып, аудан мерейін асқақтатты.
Салтанатты басқосудың мазмұнын әрлеген аудан өнерпаздарының ән-шашуы жұртты серпілтіп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Осылайша, бұл күнгі көрген-білгеніміз мерейлі отбасылардың мерейін мадақтап, қызмет көрсету оларға деген құрмет бір күннің ғана аясына сыймайтындығын көрсеткендей.
Жұлдызай Ноғайбайқызы.
Суреттер Бақытжан Бәйімбеттікі.