Кітапты ардагердің үйіне апарып береді
«Ауылыңда қартың болса, жазылып қойған хатпен тең» дейді дана халқымыз. Осы тәмсілдің тереңіне үңілсек, көпті көрген көнекөз қариялардың жүріп өткен жолы, еткен еңбегі, төккен тері тұнып тұрған тарих екенін аңғарамыз. Олай болса әр азамат өзінің алдындағы буынды, ақ жаулықты әже мен ардақты атаны қастерлеп, құрметтеу керек. Бұл тұрғыда елімізде жыл сайын 1 қазан қарттар күні ретінде аталып өтіледі. Мерейлі мерекеде ғұмырын ғанибетке толтырып, өмірін өнегемен өткізген қариялар марапатталып, сый-сияпатқа кенеледі. Үлкен мен кіші де құрмет көрсетіп, құрмет төріне шығарады.
Айтулы күнге аудандағы №1 қалалық кітапханасы да үлес қосты. Кітапхана қызметкері А.Әділсерікқызы ардагерлер үйінде бірқатар ардагерлерді кітапхана қорымен таныстырды. Шара барысында Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан», Қабдеш Жұмаділовтің «Дарабоз», Ғабиден Мұстафиннің «Шығанақ» және басқа да романдар жөнінде айтылды. Сонымен қатар алдағы уақытта ардагерлердің кітап алу жұмысын жеңілдету үшін қызметкерлер туындыны өздері жеткізіп беретін болады.
«Өскен өңір» ақпарат