Еңбек ардагері 80 жаста
Халқымызда еңбегімен еленіп, ғұмырын ғибратты өткізген жандар аз емес. Олардың арасында ғұмырының 37 жылын ауылшаруашылыққа арнаған Еңбек ардагері Рая Бердешованың орны ерек. Рая Жаңбырбайқызы – жастайынан-ақ жасындай жанып, жұлдыздай жарқыраған жан. Бүгінгі таңда бейнетінің зейнетін көріп отырған кейуана.
Үлкендердің жолын ұлылық деп ұғынатын ұрпақ алдыңғы буын өкілдерін әркез құрметтеп, төріне шығарады. Осындай ілтипаттың бір парасы өткен жұмада Ш.Қодаманов атындағы мәдениет үйінде көрініс тапты. Ауыл тұрғындары төккен тері мен еткен еңбегінің арқасында абырой биігіне көтерілген Рая Бердешованы сексеннің сеңгіріне шыққан сәтімен құттықтады. Ал Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Тұрмағанбет Жағыпбаров мерейтой иесіне аудан әкімінің құттықтау хатын табыстады.
«Үлкендер жолы – ұлылық, ұрпағы жүрер ұғынып» тақырыбында өткен кездесу кешіне ауыл ардагерлері мен тұрғындары және жастар қатысты. Кеш барысында өмірі өнегемен өрілген ананың еңбек жолы насихатталып, салиқалы әңгіме мен сындарлы ой айтылды.
Маржан БОЛАТҚЫЗЫ