ҰРПАҚҚА ҚАЛҒАН РУХАНИ АМАНАТ
Кейбір кітаптар оқылу үшін жазылмайды. Олар – жүректен жүрекке жету үшін, уақыттың тезінен сүрінбей өту үшін, адам жадында із қалдыру үшін дүниеге келеді. «Ұстаздық – ұлы мұратым» атты жаңа кітап – дәл осындай тағдырлы туынды. Бұл еңбек – ұлағатты ұстаз, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, Еңбекші ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Ұлман Мауленқызының саналы ғұмырын, өмірлік кредосы мен ұстаздық миссиясын айшықтаған рухани ескерткіш іспетті.Салтанатты жиын «Еңбекші» ауылдық мәдениет үйінде өтті. Оған аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Н.Палымбет, «AMANAT» партиясы Шиелі аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ж.Баймұратова, аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы К.Есенбаев, аудандық ардагерлер алқасының мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі А.Әбдіхамитқызы және өзге де елге белгілі азаматтардың қатысуы – еңбектің салмағын, авторға деген құрметті айқындады.
Кітаптың тұсауын Еңбекші ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұхан ағай, қаламгер Айжамал Әбдіхамитқызы, Кенжехан Есенбаев және ауылдық қоғамдық кеңестің төрағасы Сәрсенбай Бекжановтың кесті. Осы тұста рухани сабақтастықтың, буындар үндестігінің жарқын көрінісі сезілді. Бұл – бір кітаптың емес, бір өмірдің жолын ашқан сәттей әсер қалдырды.
Шараның шырайын кіргізген ерекше көрініс – Ұлман Мауленқызын қызыл кілем үстінде мектеп оқушыларының қарсы алуы. Бұл – марапаттан да биік құрмет, сөзден де салмақты алғыс еді. Ұстаз үшін бұдан асқан бақыт жоқ. Шәкірті бар жерде – ұстаздың ғұмыры жалғасады.
Тағлымды кеш барысында аудан әкімінің, аудандық «AMANAT» партиясының, білім бөлімінің арнайы алғыс хаттары табысталып, гүл шоқтары мен сый-сияпаттар ұсынылды. Алайда сол марапаттардың ең қымбаты – халықтың ықыласы, елдің ақ батасы болды.
«Ұстаздық – ұлы мұратым» – естелік кітап қана емес, бұл – рухани манифест. Бұл еңбек бүгінгі ұстазға да, ертеңгі шәкіртке де ой салады. Қаламнан туған әр ой адамдық биікке шақырады, адал еңбек пен елге қызмет етудің шынайы өлшемін көрсетеді.
Ұстаз – үнсіз қаһарман. Ол мінберден емес, сыныптан сөйлейді. Оның сөзі – сабақта, оның ізі – шәкірт тағдырында. Ұлман Батышеваның өмір жолы осы ақиқатты тағы бір мәрте дәлелдеді. Ұстаздықты ұлы мұрат еткен жанның рухани ізі ел жадында, ұрпақ санасында мәңгілікке қалары анық.
С.МАДИЯРОВА








