Топ-баннер
Топ-баннер2
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АУЫЛДЫҢ АБЫЗ АНАСЫ

АУЫЛДЫҢ АБЫЗ АНАСЫ

Ауыл өмірінде уақыт баяу ағатындай көрінеді. Бірақ сол тыныш тіршіліктің ішінде тұтас бір дәуірдің тарихын арқалап жүрген адамдар бар. Олар көп сөйлемейтін, бірақ ғұмырының әр жылы бір тағылымға толы жандар. Осындай ғибратты ғұмыр иелерінің бірі – Күлжәмила Бекжапбарқызы.
Еңбекші ауылдық мәдениет үйінде өткен «Ана – даналықтың дара жолы» атты кеш осы бір қарапайым да қадірлі ананың 90 жас мерейтойына арналды. Бұл кеш – тек мерейтой емес, өмірдің мәнін, аналық мейірімді, адамдық асыл қасиеттерді дәріптеген ерекше басқосу болды.
Қазақта «Қос тойың қабат болсын, екі дүниең абат болсын» деген жақсы тілек бар. Биылғы мерейтойдың Алғыс айту күнімен тұспа-тұс келуі де бекер емес секілді. Өйткені Күлжәмила әжейдің өмірі – айналасына мейірім мен жақсылық сыйлаған, ел алғысына бөленген ғұмыр. Кеш басталғанда сахна төріне ақ жаулығын жарасымды тартып, сабырлы қалпымен отырған мерейтой иесін көрген жұрттың көңілінде ерекше құрмет сезімі оянды. Ол – бір әулеттің ғана емес, бүтін бір ауылдың ардақтысы. Жиналған жұртшылықтың жүзіндегі ықылас соның айғағы еді.
Кештің ашылуында Шиелі ауданы әйелдер кеңесінің төрайымы Нәйла Палымбетова, зейнеткер Құттықыз Ыханова және Еңбекші ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Ұлман Мәуленқызы жүрекжарды лебіздерін білдірді. Олар Күлжәмила ананың өмір жолына тоқталып, оның еңбекқорлығы мен адамгершілік қасиеттерін ерекше атап өтті. Айта кетерлігі, осы тағылымды кештің өтуіне ұйытқы болған да – ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Ұлман Мәуленқызы.
Кеш барысында мерейтой иесінің өмірінен сыр шертетін бейнеролик көрсетілді. Экрандағы әрбір сурет, әрбір кадр – өткен жылдардың үнсіз куәсіндей. Балалық шағы, жастық кезеңі, еңбек жылдары, отбасы – бәрі де бір өмірдің тұтас шежіресіндей көз алдыңнан өтеді.
Сахнаға шыққан «Тау гүлі» әжелер ансамблі қазақтың көне дәстүрімен жарапазан айтып, мерейтой иесіне ақжарма тілектерін арнады. Бұл көрініс кештің ұлттық бояуын қанықтыра түсті.
Күлжәмила ана 1936 жылдың 1 қаңтарында дүниеге келген. Оның балалық шағы ел басына ауыртпалық түскен соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Ол жылдар – жоқшылық пен еңбек, төзім мен сабырдың кезеңі еді. Сол уақытта бала болса да, үлкендермен бірге еңбекке араласып, тылдағы ауыр жұмыстың бір шетін ұстады. Бұл – оның өмір мектебі болды.
Жылдар өте келе Күлжәмила ана ауыл шаруашылығында ұзақ жылдар еңбек етті. Қарапайым өмір сүрді. Бірақ сол қарапайым тіршіліктің өзінде үлкен мағына бар еді. Ол – адал еңбек, төзім, сабыр. Күлжәмила ананың өмір жолы отбасы бақытымен де өрнектелген. Оның өмірлік серігі – Төлеу Шоханов еді. Екеуі бірге өмірдің талай белесін еңсеріп, берекелі шаңырақ құрды. Бұл шаңырақта 3 ұл, 2 қыз дүниеге келіп, ата-ананың тәрбиесін көріп өсті.
Бүгінде сол шаңырақ үлкен әулетке айналған. Күлжәмила ана 19 немере, 45 шөбере сүйіп отырған бақытты әже. Балалары – тірегі, немерелері – мақтанышы, шөберелері – қуанышы.
Ғасырға жуық ғұмыр кешкен ананың өміріне көз салсаң, бір дәуірдің бейнесін көргендей боласың. Соғыс жылдары, еңбек кезеңі, тәуелсіздікке дейінгі уақыт – бәрі де осы ғұмырдың ішінде.
Кеш соңында жиналған жұртшылық ардақты анаға ақ тілектерін айтып, құрмет көрсетті. Ал Күлжәмила ананың жүзіндегі мейірім мен сабыр – өмірдің талай сынағынан өткен адамның тыныш даналығы секілді көрінді. «Ана – даналықтың дара жолы» атты кештің мәні де осында еді. Өмірі өнегеге толы ананы құрметтеу арқылы жұртшылық ананың қадірін, еңбек пен мейірімнің құнын тағы бір рет сезінді. Өйткені осындай аналар – ауылдың берекесі, ұрпақтың тәрбиесі, халықтың рухани тірегі. Ал Күлжәмила ана – сол асыл аналардың бірі.

Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ
09 наурыз 2026 ж. 25 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№18 (9385)

07 наурыз 2026 ж.

№17 (9384)

03 наурыз 2026 ж.

№16 (9383)

28 ақпан 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031