Бір кітапқа арқау болған ғұмыр
Қазақта «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» деген терең мағыналы сөз бар. Бұл – пенденің ғұмыр жолындағы ең биік өлшемі. Адам болып өмір сүру – бір басқа, ал елге тірек, жұртқа сүйеніш болу – екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін бақ. «Әке жолы – ұрпаққа ұлағат» атты тағылымды кітап – осындай тағдырлы жанның, сот саласының ардагері, ауданның «Құрметті азаматы», «Үш би» құрмет белгісінің иегері, «Судьялар одағының Құрметті мүшесі» Тұрмат Сабекұлының өнегелі өмір жолын арқау еткен тағзымға толы еңбек.Аталған кітап – бір адамның ғұмырнамасы ғана емес, тұтас бір дәуірдің айнасы. Заң мен әділеттің, ар мен адалдықтың арасындағы нәзік тепе-теңдікті сақтап өткен азаматтың өмір соқпағы оқырманды бейжай қалдырмайды. Әсіресе, тәуелсіз елдің сот жүйесінің қалыптасу кезеңіндегі қиындықтар мен жауапкершіліктерді арқалаған тұлғаның тағдыры – кейінгі буынға үлгі, бүгінгі жас мамандарға бағыт-бағдар.
Кітаптың мазмұндық құрылымы да ерекше үйлесіммен түзілген. Төрт бөлімнен тұратын еңбек бір-бірімен сабақтасып, бірегей болмыс иесін жан-жақты ашады. Алғашқы бөлім – «Асыл адам айнымас» – Тұрмат Сабекұлымен қызметтес болған әріптестерінің, бөлім басшылары мен замандастарының жүрекжарды лебіздеріне құрылған. Бұл тараудағы естеліктерден біз тек кәсіби біліктілікті ғана емес, адамгершілік биіктікті көреміз. Қызмет жолында қатаңдық пен талапшылдықты ту еткен судьяның жүрегінде мейірім мен парасаттың қатар өрілгенін байқаймыз.
Кітаптың ең алғашқы бетінде Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Серік Дүйсенбаевтың «Төрелігі тура бидей Тұрмат аға» атты жылы лебізі берілген. «Өмір өзен секілді, жүйрік уақыт көз ілестірмей өте береді екен. Тұрмат ағамыз шын мәнінде, нардың жүгін көтерген азамат еді. Оның өмірі – ерен еңбектің, зор жауапкершілік пен адамгершіліктің жарқын үлгісі» деген жолдар кейіпкердің болмысын бір ауыз сөзбен айшықтап тұр.
Екінші бөлім – «Жақсылар айтса жаңылмас» – кейіпкердің жанына жақын туыстары мен замандастарының естелік жазбаларынан құралған. Бұл тарауда Тұрмат ағаның отбасындағы, ағайын арасындағы, достыққа адал азамат ретіндегі қырлары ашылады. Қызметте әділ, талапшыл судья болса, отбасында мейірімді әке, қамқор ата, ақылшы аға екені айқын сезіледі. «Әке жолы – ұрпаққа ұлағат» деген атаудың өзі осы бөлімде терең мәнге ие болады. Себебі әкенің жүріп өткен жолы – ұрпаққа бағдаршам, өмір мектебі.
Үшінші бөлім – «Қалдырған ізің мәңгілік» – еселі еңбектің ел жадында қалған ізін бедерлейді. Бұл тарауда Тұрмат Сабекұлының қоғамдық өмірдегі белсенділігі, ел ішіндегі абырой-беделі, адал қызметінің нәтижесінде алған марапаттары мен құрметтері сөз болады.
1964 жылы небәрі 18 жасында Шиелі аудандық сотында сот отырысының хатшысы болып еңбек жолын бастаған жас жігіттің табандылығы мен талпынысы ерекше құрметке лайық. Сот орындаушысы, нотариус қызметтерін атқарып, 1986 жылы Қармақшы аудандық халық сотының судьясы болып сайлануы – үлкен сенімнің белгісі еді. Кейін Тереңөзек, Шиелі аудандық соттарының төрағасы, Қызылорда қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы қызметтерін атқаруы – оның кәсіби біліктілігінің айғағы.
Сол кезеңдерде судьяларды халық сайлайтын. Бұл – ел сенімінің таразысы ауыр болған шақ. Тұрмат Сабекұлы сол сенімді ақтап, мыңнан астам істің нүктесін қойып, әділ төреліктің үлгісін көрсете білді. «Үш би» құрмет белгісінің иегері атануы – жай марапат емес, қазақтың билік айту дәстүрімен сабақтасқан рухани мәртебе. Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің жолын жалғағандай, әділдік пен шындықты ту еткен судьяның есімі ел есінде қалуы – заңдылық.
Төртінші бөлім – «Ар алдында – адам, заң алдында – судья» – кітаптың түйіні іспетті. Бұл бөлімде кейіпкердің өмірлік философиясы, адамдық ұстанымы айқындалады. Судья болу – тек заңды білу емес, ардың алдында таза болу. «Өтіріктің балын жалағанша, шындықтың уын ішкен артық» деген қазақ мақалы Тұрмат Сабекұлының өмірлік қағидасындай көрінеді. Ол Ата заңның аясынан шықпай, адалдықты ту етіп, бейнетінің зейнетін көрген жан.
Марапаттар тізбегі де – маңдай тердің жемісі. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің бірнеше грамоталары, 2001 жылы Тәуелсіздіктің 10 жылдығына орай ҚР Президентінің Алғыс хаты, 2008 жылы ҚР Жоғарғы Сотының құрмет грамотасы, 2013 жылы «Сот жүйесінің ардагері» медалі, «ҚР Конституциясына 20 жыл» медалі – мұның барлығы адал еңбектің айғағы. Ауданның «Құрметті азаматы» атануы, облыс көлемінде мұндай атаққа ие болған алғашқы судья болуы – ерекше мәртебе.
Кітаптың тағы бір құндылығы – оның ұрпақ сабақтастығын айқын көрсетуінде. Бұл еңбекті құрастырып, жарыққа шығарған баласы Талғат Баймағамбет пен келіні Ақжан Сыздықова – әке еңбегін елге танытып, ұрпаққа аманат еткен перзенттік парызын адал атқарған жандар. Әкенің ғибратты ғұмырын хатқа түсіру – жай ғана кітап шығару емес, бұл – рухани мұра қалдыру. Осы тұрғыдан алғанда, «Әке жолы – ұрпаққа ұлағат» – әулеттің ғана емес, елдің ортақ қазынасына айналар еңбек.
Кітаптың тілі көркем, ойы салмақты, мазмұны тағылымды. Естеліктер арқылы тұлғаның жан дүниесі, азаматтық келбеті, кәсіби шеберлігі шынайы әрі әсерлі баяндалған.
Қорыта айтқанда, «Әке жолы – ұрпаққа ұлағат» – әділеттің ақ туын жықпай өткен судьяның ғана емес, тұтас бір әкенің, азаматтың, абыз ақсақалдың өмір кітабы. Бұл – ар алдында адал, заң алдында әділ болудың үлгісін көрсететін тағылымды туынды. Осындай еңбектер арқылы біз өткенімізді танып, бүгінімізді бағалап, болашағымызға бағдар жасаймыз. Тұрмат Сабекұлының ғибратты ғұмыры – ел жадында жаңғырып, ұрпақ санасында мәңгі сақталары сөзсіз...
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ







