Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БАТАЛЫ ЖАНҒА БАҚ ҚОНАР

БАТАЛЫ ЖАНҒА БАҚ ҚОНАР

«Біреудің бағы тілінде, біреудің бағы уысында демекші, Ысқақ Махашовтың басына бақ болып дарыған бата беру құдіреті мен өнерге деген қабілеті де жанды қанаттандырып, жетелеп келеді. Ол өмір жолын өнер жолымен ұштастыра білді. Бүгінде ауданның ардақты ардагері қамқор әке, сүйікті ата болып отыр. Өмір жолын өнегемен өрген Ысқақ Мақашев жайлы аудан халқы жақсы біледі. Себебі, оның ғұмыр дариясы көпке үлгі.
Тәуелсіз елдің әрбір аймағында өзінің сара жэолымен елге, халыққа сіңірген еңбегімен өскелең ұрпаққа үлгі болатын тау тұлғалы азаматтарымыз жетерлік. Осындай жандардың бірі – ауданның арда азаматы, түрлі бата беру додаларында жеңіс туын желбіретіп ел намысын ту қып ұстаған шоқтығы биік ардагер – Ысқақ Мақашев. Тәлім-тәрбиесімен, жаны жайсаң мінезімен, жазған өлеңдерімен аудан халқының алғысын арқалаған қазыналы қариямыз биыл 90 жасқа толды.
9 – Наурыз күні ауданның ардақты ардагері Ысқақ Мақашевтың 90 жасқа толуына орай «Арман» мәдениет үйінде «Қазыналы қарт Ысқақ Махашов 90 жаста» атты танымдық кеш өтті. Кешті ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил жүргізді. Салтанатты шара аудан әкімі Нариман Әскербекұлының құттықтау сөзімен басталды.
– Құрметті кешке жиналған қауым! Ауданның осындай өнер мен өлеңді қатар алып, отбасында қадірлі, ортада сыйла бола білген азаматын баршамыз құрметтеуіміз қажет. Бүгінгі Ысқақ Махаштың кешіне жиналған баршаларыңыз, оның шығармашылығына қанық болып, 90 жас мерейтойының куәсі болдыңыздар. Оның салған сара жолы сіз бен бізге үлкен өнеге. Аудан мақтанышына айналған ардагерміз әрқашан аман болсын, – деді Нариман Әскербекұлы.
Сондай-ақ аудан басшысы Ысқақ Махашқа күріштен жасалған суретін тарту етіп, шапан жапты. Мерейлі мереке одан әрі көңілді әнмен жалғасып, көпшілік көрерменге ерекше шабыт сыйлады. Танымдық кеште Сейткамал Шыныбеков пен Елдос Сейлов «Кейде бір ағалар болады» әнін орындаса, Ізбасхан Дәкулетханұлы «Жыр бастауы» әнін шырқап, елдің қошеметіне бөленді.

Сымбат Сұлтан
12 наурыз 2022 ж. 436 0