Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қарттарын қадірлеген ел азбайды

Қарттарын қадірлеген ел азбайды

«Қарты бардың – жұрты бар». Бұл бағзыдан қалған баба сөзі. Жұрты қазыналы қартын сыйлап, қамқорлық көрсетсе, әрине, нұр үстіне нұр. Қарттар – біздің асыл қазынамыз. Осы асыл қарттарымызды құрметтеу, оларға қамқорлық таныту жолында­ ауданда талай игілікті істер жүзеге асырылуда.
Еліміздің өсіп-өркендеуіне, бейбіт өмір сүруіне аға ұрпақтың, ардақты да аяулы қарттарымыздың, үлкендердің өлшеусіз өз үлестерін қосқаны сөзсіз. Саналы ғұмырларын Отан деп, тынымсыз еңбектерімен мемлекетіміздің негізін салуға жол ашқан алдыңғы буын аға-апаларымызға қандай құрмет жасасақ та артық етпейді. Себебі, олар Тәуелсіздік атты тәу етер киемізге жету үшін қан майданға аттанып, енді бірі тылда еңбек етті. Егеменді ел болу жолында ауыр жылдарды еңсерді.
Жуырда аудан әкімінің орынбасары А.Есмаханов бастаған, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Абдрахманов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ж.Баймұратова, аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі, ауданның «Құрметті азаматы» Қ.Тұрсынова өмір жолдары бүгінгі ұрпаққа үлгі соғыс және тыл ардагерлерін, қазыналы қарттарымызды құрметтеу мақсатында қара шаңырақтарына арнайы барды. Ең әуелі соғыс ардагері С.Байжановтың үйіне табан тіреді. Көзі тірі жалғыз соғыс ардагерімен тілдесіп, одан әрі Р.Деревянко, Р.Әбдіреева, Қ.Төлегенов, У.Алиханов, Ә.Османов т.б 14 қазыналы қарттың хал-жағдайын сұрай барды.
Мүмкіндігі шектеулі, соғыс және тыл ардагері және олардың жарлары бұл күнде қазыналы қарттардың қатарындағы ардақты жандар. Жастық жалын, жігерін туған жердің түрленуіне арнаған олардың әрбір ісі ұрпаққа үлгі. Ал, оларға құрмет көрсету баршаға ортақ міндет. Міне, осындай игілікті істің ұйытқысы «Демеу» қайырымдылық қоры екенін айтпай кету де мүмкін емес. Әсте, қазақ халқы қарттарын қадірлеген ел азбайды деп бекер айтпаса керек.

Г.Дүйсебай
15 маусым 2021 ж. 409 0