Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Батаменен ел көгерер

Батаменен ел көгерер

Ең қастерлі құндылығымыз – батаның айтар ойы терең, ниеті түзу, сөзі нәрлі, көпке тигізер шапағаты мол. Бата беру – ықылым заманнан бері келе жатқан қасиетті өнер. Шынайы ниетпен берген бата қабыл болады дейді. Сондықтан қазыналы қариялар үй иесі және тұрмыс құрған қызға, отау құрған екі жасқа, отан қорғайтын батырға, жолға шыққан жолаушыға қол жайып батасын берген. «Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші тілеген игі жақсылық пен сәттілік әрбір жанға рухани азық болған.
Бата беру – қазақ халқының ежелгі салт-дәстүрінің бірі. Бата – бастағалы тұрған істің қасиетті тұмары. Сондықтан сөз қадірін ұғынған халқымыз ежелден есті сөзге мән беріп, «Жаңбырменен жер көгереді, батаменен ел көгереді» деп кейінгі ұрпағына ықылас білдіріп, ақ ниетпен бата беріп, тілек тілеуді дәстүрге айналдырған. Қашаннан бата ақ дастарқанның сәні мен салтанатын келістіріп, рухани көңіл-күйін көтерген
Иә, батада айтылған әрбір аталы сөзді ынтымақ пен ырысқа, жақсылық пен берекеге ырымдаған. Қазақ көбіне елге елеулі, халыққа қалаулы қадірлі қарт пен абыз аналардың батасын алуға тырысқан. Бұл үрдісті Шиелі жұрты да үзіп алмай батагөй ақсақалдарын құрметтеуден жаңылған емес. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан бір әулеттің ақылшысы, ауылдың сыйлы ақсақалы Дінәлі Қожаев. Ол кісінің көз жанары солғын тартқанымен қимылы ширақ, бата берудің хас шебері. Қарияға той-томалақ пен жиын тойда дүйім жұрт төрден орын ұсынып, лайықты құрмет көрсетеді. Қазыналы қарттың әңгімелері әсерлі, әрбір ісі өнегеге толы өмірімен әдемі қартаюдың үлгісін көрсетіп отыр. Ата-бабадан келе жатқан осынау игі дәстүрді жаңғыртуға бір кісідей ат салысуда. Бүгінгі күні өзінен өрбіген 5 ұл, 2 қызынан 30-дан аса немере, шөбере сүйіп отырған бақытты жан.
Қазақ «Шебердің қолы ортақ, шешеннің тілі ортақ» дегендей, ақсақал ағаштан түйін түйетін шебер екенін де айта кетейік. Кейіпкеріміз ағаштан бір дүние жасау үшін алдымен лайықтысын таңдап, керек жерін кесіп алып, біраз уақыт кептіріп сосын барып кәдеге жарататынын айтты. Кеппеген ағаш жарылып кетеді дейді шебер. Ол күбі бұйымын жасау мен бұзылған техниканы құрастырып шығаратын ерекше қабілет иесі. Жасы келсе де бұл өнерден қол үзбеген. Барлық шаруаға бейім ақсақалдың көңіліне шуақ, деніне қуат тілеп қайттық. «Қариясы бар үйдің – қазынасы бар» емес пе? Ұлттық өнерді ұлықтап, өскелең ұрпаққа өнеге мен тәлім көрсетер Дінәлі ақсақалдай батагөйлер арамызда көп болса ғой, шіркін...

Шапағат Тілеубаев
24 қараша 2020 ж. 1 497 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930