Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Батаның қадірін қашырмасақ игі

Батаның қадірін қашырмасақ игі

Ұлтымыздың салт-санасы, әдет-ғұрпы, үлгі-өнегесі өлшеусіз. Оны ешнәрсеге теңгере алмайсың. Даласындай кең, данасындай терең мағыналы. Қазақ халқы үшін сөзден асқан кие жоқ болар, сірә. Басына қара бұлт төніп, қайғы жамылса да жанына дауа болар – сөз, босағасынан бақыт еніп, шаңырағына шаттық орнаса да қуанышын еселей түсер – сөз. Сол сөзден туған ең бір асыл һәм бекзат мұра ол – бата.
Қазақтың батасы бейпіл айтылмаған. Мергеннің оғындай көздеген жерге дәл тиген. Бата талайдың бағын ашқан, талайдың құтын қашырған. Талайды сөзден жаңылтып, талайды елге танытқан, кейбіреулерді жұртқа қалдырған. Қазақ батаны киелі санайды, селкеусіз сенеді, қадір тұтады. Бата – кісілікке, имандылыққа, мейірімге, жақсы сөзге, ынтымаққа ұйытып ­отырады. Батаны жұртымыз қасиетті қариядан, абыз ағадан, өнегесі мол үлкеннен күткен. Әр батаның жөн-жоралғысын жазбай таныған. Батаның түрі де мол. Ұл-қыздың өркендеп өсуі, шілдехана, тұсаукесер, тіпті атбайлар ұлға, от жағар қызға беретін бата да сан-саналы. Сол секілді ас қайырғанда, дастарқан иесіне риза болғанда, той-жиында, Наурызда, жарапазан айтқан жастарға беретін бата да аз емес. Бата беру жағынан келгенде ұлт жақсылары іркілмеген. Әркез ірілік танытып, кісілік қасиетін көрсетіп отырған. Несін жасырамыз, осы күні сол қасиетті батаның кей кезде қадірін кетіріп алып жүргеніміз ақиқат. Бата бер десе, батаның «бағын» байлап ұзынынан қайырып сөз сөйлеуге бейімбіз. Бұл қалай болғаны?
Көпшілік жиналған жерде төрде отырған жасы үлкен кісіден алдымен бата сұрау үрдісі о бастан әдет-ғұрыпымызда бар. Мәселен, жыл басында аудан әкімі мен ауыл әкімдерінің есеп беру жиыны өтті. Әр ауылдың ақсақалдары соңына таяғанда бата беріп, атқарылған істің бағасын берді. Бірақ амал қанша, әттеген-ай дегізерлігі сол, батаға барлық жұмысын тізіп, құр мақтанмен ұзын-сонар баяндамаға айналып кетуі. Жоғарыда атап айтқанымыздай, батаның да түр-түрі бар. Ел ісіне келгенде «Халқыңа жақын бол», «Әділ бол» деп кесіп айтып, ақ батасын берген Төле, Қазыбек, Әйтеке бидің жұрнағы емеспіз бе? Шын мәнінде қазіргі кезде біздің төрге оздырып, бата сұрап жүрген ақсақалдарымыздың көбісі қарап отырсақ, кезінде бірі партия, екіншісі кеңес пен комсомол қызметкері яки болмаса ұжым басқарып, мекеме басшысы болған кісі. Бәлкім, солардың бәрі де сол кезінде мінберлерден сөз сөйлеп, әбден қалыптасып қалған адамдар болғандықтан, әлгіндей кіріспе сөзді көбейтіп жіберетін болар. Бұл әрине, қазыналы қарттардың бәрі бірдей жолынан жаңылды, не болмаса бата берудің жөнін ұмытты дегеніміз емес. Әдемі сөзбен, астарлы оймен, екі-ақ шумақ өлеңмен бата беріп, халық алдында абыройлы болған ақсақалдарды да көрдік. Бертін келе бата беруден облыста бас бәйгені алған алғабастық ақсақал Жақай Сақбаевтың өзін айтпасқа болмас. Содан болар, «Батаменен ел көгерер» деп ырымдаған қазақ үшін батаның баянды болғаны қашанда маңызды. Бірақ осылардың бәрін орайластыра өз орын-орнымен, мән-мағынасына қарай, үйлесімді де тартымды етіп бата берудің өзі, әрине, шеберлік пен шешендікке келіп тіреледі. Дегенмен екінің бірі шешен, ауылдың айтқыштары емес екенін де еске аламын. Сондықтан да соншалықты бір көсіле айтпаса да, кәдуілгі қысқа-нұсқа, дәйекті батаның өзі неге татиды?

Г.ӘБДІХАНИҚЫЗЫ
25 ақпан 2020 ж. 763 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930