Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Батаменен ел көгерер

Батаменен ел көгерер

Бата – қазақ халқының қастерлейтін құндылықтарының бірі. Сол арқылы өсіп-өніп, тамыры тереңге жайылған бәйтеректей мәуелі болатынымыз белгілі. Сонау жаугершілік заманда да қолына найза алған батырлар еліне елеулі, жолы мен жасы үлкен ақсақалдардан бата алып барып, жауға шапқан. Сәйкесінше ақ адал ниет пен Тәңірден тілеуінің арқасында жеңіске жетіп отырған. Содан болса керек, қазақ жұрты есігінен аузы дуалы, сөзі уәлі жан кірсе, алақан жайып шаңырағы мен дастарқаны үшін бата сұраған.
Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деген болатын. Сондай ұлттық рухымыздың бірі бата болса керек-ті. Тек осы рухани байлықтың сарқылуына жол бермей, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуді қолға алуымыз қажет. Осы орайда жуырда Қызылорда қаласында облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен өткен «Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер» байқауының маңызы ерекше.
Аталған жарысқа әр аймақтан келген 20 батагөй қариялар қатысты. Ал Шиелі ауданынан Алғабас ауылының тұрғыны Жақай Сақбаев пен Досбол би елді мекенінің тумасы Дайрабай Сармолдаев бақ сынады. Сайыс үш кезең бойынша өтті. Алғашқы бөлімде қатысушылар әулие-әнбиелердің, аңызға айналған абыз адамдардың және би-шешендердің батасын жатқа айтты. Ал келесі кезең салт-дәстүрлерге арналды. Жарыстың соңғы бөлімінде қариялар жеребе арқылы таңдаған тақырыптарына бата оқыды.
Бабалар өсиетін, сөз саптасын, даналық ұғымын ұрпағына үлгі еткен қариялардың арасынан ауданның абыройын қорғаған Жақай Сақбаев бас бәйгені қанжығасына байлады. Іс-шара соңында Жақай ақсақалға және өзге де жеңімпаздарға диплом мен ақшалай сыйлықтар табысталды.

Фариза НЫШАНБЕКҚЫЗЫ

09 қараша 2019 ж. 1 397 0