ДҮЛДҮЛДЕРДІҢ ІЗІНЕН ЕРГЕН
Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» – деген болатын.
Өнер – құдірет, кие, жаратылыс жемісі. Сондай-ақ, рухани ен-дәулеттің сыр құпиясына бойлатар алтын кілт. Қазақта «Басшы білікті болса, қасындағы қаралар қара жерде кеме жүргізеді» демей ме... Биылғы жылы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Исабек Байкенжеевтің басшылығымен ауылдар арасында «Ел іші – өнер кеніші» атты байқау өткен болатын. Сол мезетте Ы.Жақаев ауылдық мәдениет үйінің директоры Жансұлу Әбдиева жоқтан барды жасап, оркестр шығарып, би үйірмесін ашып, бишілер дайындады. Алқалы аналардан «Асыл әжелер» ансамблін құрып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып ізденіспен еңбек еткеніне куә болдық. Жоғарыда аталған байқау нәтижесінде іріктеліп алынған Ы.Жақаев ауылы мәдениет үйіндегі домбыра үйірмесінің мүшелері республикалық Қазақстан «Таланттары» рухани патриоттық байқауына қатысып Нұрай Тынысбаева, Перизат Арғынбай І дәрежелі диплом иеленсе, Нұрдана Ниятуллаева ІІ орын алды. Облыстық «Бозторғай» балалар шығармашылық көркем сөз байқауынан Бота Шахизадаева арнайы дипломмен марапатталды. «Өнер адамдарының көзі қырағы қияндағыны шалады» деген сөзді тірілткендей. Әрине, үміт артқан таланттар сенімді ақтады. Дүлдүлдер іздерін жаңғыртатын өнерпаздар біздің Ы.Жақаев ауылынан шыққаны бізге мақтаныш сыйлады. Өнерлері өрге жүзсін, қанаттары талмасын.
Р.Байділдаева.