Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАРТАЙСА ЖАҚСЫ АДАМ ДАНА БОЛАР

ҚАРТАЙСА ЖАҚСЫ АДАМ ДАНА БОЛАР



Қартайса жақсы адам дана болар,
Қосылған жеті өзеннің сағасындай.
Қартайса жаман адам зар-жақ болар,
Ағаштың жанбай қалған шаласындай, – деп Тоқтар Серіковтің шырқағанындай елдің назарына ілігіп, өнегелі өмірінің өрнегімен жастарға үлгі болып, даналықтың қайнар бұлағына айналған ардақты ардагерлеріміз қаншама. Солардың бірі – ауданда өтетін торқалы тойларда батасын беріп, елге ақ тілегін төгіп жүрген Байсын ауылының ардагері Ысқақ Махашев.
Жексенбіні пайдаланып, көліктің жүгенін Байсын атындағы ауылға бұрып, ардагердің үйінде қонақ болған едік. Бесін намазының уақыты кірген, яғни, күн қақ төбеден ауған сәт. Ал, 87 жасты алқымдаған Ысқақ Махашев үй шаруасынан қол үзбей, бау-бақшасында күйбең тірлік жасауда екен. Сөзі де ширақ, есте сақтау қабілеті де жақсы. Бізді көре бері бұрылған ол сәлемімізді қабыл алып, күн ыстықта үйге кіруді өтінді.
Қарапайым ардагер. Ойлағаны – тек жақсылық. Теледидар көріп, газет-журналдарды қалт жібермей оқып, керектілерін түртіп отырады. Бүгінгі күнге дейін түрлі жиында айтылатын баталардың он бес түрін жинақтап, жаттаған екен. Өйткені, «Батамен ел көгереді, жаңбырмен жер көгереді», – дейді ақсақал. «Торқалы тойда сөз тиіп, жасыңа лайықты сөйлей алмасаң, самайдағы ақ шашымызға сын емес пе?» – дейді күлімдеген күйде. «Құлақтарыңа алтын сырға, сендер де қартаясыңдар, осыны естеріңе сақтаңдар» дегенді білдіргісі келгендей. Өзі осы ауылдың тумасы. Мың баланың әкесі атанған Ибрагим Шохаев сынды ұлағатты ұстаздардан тәлім-тәрбие алған ол білімін Жамбыл қаласындағы мәдениет ағарту училищесінде жалғастырады. Ал Ташкент қаласындағы финанс институтын отбасылық жағдайына байланысты аяқтай алмайған. Дегенмен, ауылда кітапханашы, клуб меңгерушісі, есепші, бригадир сынды түрлі қызмет атқарып, зейнеткерлікке шыққан.
Әкесі Әбдіқайым – қарапайым күрішші, ал анасы Мәрия тегін адам емес еді. Бойында ақындық қасиетімен қатар, ән айтатын өнері де болған. «Анамнан келген қасиет болар, кейде өлең шығарып қоятынмын. «Сөз сүйектен өтеді» деген рас қой. Шығарған өлеңдеріммен жақпаған адамды шымшып, ұнаған адамды мақтап алатынмын. Бір уақыттары ауылға Авангард ауылынан Сейілбек Асқаров деген кісі бас агроном болып келді. Екеуміздің жұлдызымыз қарсы болды-ау шамасы. Не істесем де, қалай жасасам да бас агрономға жаға алмадым. Мені жұмыстан босатпақшы да болды. Күні бойы жүрген кезекшілігіме (наряд) қол қоймады. Содан не керек, күннің шапағымен таласып, кеңсеге қарай бет алдым. Мектепке бара жатқан оқушыдан парақ пен қаламсап сұрап алып, баланың өзіне:
Айқайлама Асқаров,
Жұмысты жүрсің басқарып.
Қанша айқайға бассаң да,
Су ағады, тас қалып, – деген шумақты жаздырып, бас агроном отыратын бөлменің терезесіне қыстырып кеттім. Яғни, су ағады тас қалып деген астарлы мағынада «Сен күндердің күнінде ауылыңа кетесің, біз осы ауылда қаламыз» дегенім еді. Жұмыс уақыты басталысымен Асқаров мені шақыртты. Қолымдағы кезекшілік қағазымды алып, қол қойып берді. Төрт шумақ өлеңім өтті-ау, сірә. Осылай қызметтес болған азаматтарға арнаған өлеңдерім көп», – дейді ардагер.
Жастық дәуренде шумақтаған өлеңдер болса, құймақұлақтық кейіннен пайда болған. Тыңдағанын тез жаттап, көргенін түртіп қоятын әдет беріде қалыптасқан. Бата жаттап, елге деген тілегін білдіріп отырады екен. Себебі, бата – тілек, ал тілек ол – дұға. «Он сегіз мың қаламды алты-ақ күнде жаратқан Алла құлдарым қол жайып, дұға жасаса, қолдарын құр қайтаруға ұяламын деген екен. Мұнымен қоса өтірік болса да өтірік айтпаңдар дегенді даналардың сөзінен жиі еститінбіз. Өйткені періште «Әмин» десе ойнап айтқаның да қабыл болып кетуі мүмкін. Сондықтан, ауыздан шыққан әрбір сөз мағыналы әрі мәнді болуы керек», – дейді 3 ұл мен 7 қыздың әкесі атанған Ысқақ Әбдіқайымұлы.
Аумин деп қол жайсын,
Ардақты аға-ініміз,
Апа, жеңге, қарындас,
Жеткіншек ұл мен қызымыз.
Бастарыңа бақ қонып,
Биік болсын алдағы
Шығатын асқар шыңымыз.
Көк байрағым көкпен таласып,
Бар әлемнен жоғары,
Желбіресін туымыз.
Еркіндігің өзіңде,
Мен қазақпын деп айтқанда
Өктем шықсын үніміз,
Елбасының Жолдауы
Хал жағдайын жақсартып,
Той болсын әрбір күніміз.
Қолына бақыт әкелген,
Тәуелсіздік мәңгілік.
Құтты болсын мерейлі,
Доңыз 2019 жылымыз, – деп бізді шығарып салған батагөй ардагердің Рамазан айында жасаған тілегі қабыл болсын дейміз.

Ерұлан ДАТКЕНОВ.
28 мамыр 2019 ж. 2 677 0