Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АРДАҚТЫ АНАНЫҢ АЛҚАЛЫ ТОЙЫ

АРДАҚТЫ АНАНЫҢ АЛҚАЛЫ ТОЙЫ

Алғабас – аты алақандай ғана ауыл болғанымен, қасиеті мен құндылығы қаншама үлкен тағдырларды бауырына басып, шежіресіне сіңіріп келеді. Жуырда осы киелі ауыл тағы бір мәрте елді елең еткізген, жүрекке із қалдырған ерекше күнді өткерді. Бұл күн – бар ғұмырын адам жанының арашасы болуға арнап, аялы алақанымен мыңдаған сәбидің кіндік шешесі атанған Айтжан Аманбаеваның 90 жылдық мерейтойына арналды. Ақ желеңнің қасиетін ақ жүрегімен айғақтап өткен асыл анаға арналған шараны ауыл тұрғындары «Айтжан – Алғабастың анасы» деп айдарлап, тек құрметтің емес, шексіз ризашылықтың да белгісіндей етіп өткізді.
1935 жылы теміржолшының отбасында дүниеге келген Айтжан апаның өмір жолы – бір дәуірдің айнасындай. Шиелі топырағынан нәр алып, аналық мейірімді он құрсақ көтерген анасының тәрбиесімен бойына сіңіріп өскен ол – сол әулеттің үшінші перзенті. Еңбек жолын қарапайым медбикеліктен бастаған Айтжан Аманбаева алғашқы қызметін Гигант елді мекенінде атқарады. Сол жерде болашақ өмірлік жары – хирург Ерғазы Жексенбайұлымен танысып, тағдырлар тоғысады. 1959 жылдың маусымында Қызылдихан (қазіргі Телікөл) ауылына келін болып түскен жас келін бірден фельдшерлік қызметке араласып кетеді.
Келіндік міндет пен қызметті қатар алып жүрген Айтжан апа ауыл денсаулығының алтын арқауына айналады. Оның кәсіби біліктілігі, мейірбан мінезі, өз ісіне деген жанашырлығы жұрттың шексіз сенімі мен алғысына ие етеді. 1959 жылы Алғабас ауылына қызмет ауыстырып келген ол осы бір шағын ғана мекеннің тарихына алтын әріптермен жазылып қалды.
36 жыл бойы үш ауылдың халқына акушерлік қызмет көрсетіп, екі мыңнан астам сәбидің кіндік шешесі атану – екінің бірінің еншісіне бұйырмайтын бақыт. Ол дүниеге келген әр сәбидің шырқыраған үнін жүрегінен өткізіп, әр отбасының шаттығына үнсіз үлес қосты. Айтжан апа – көзге көрінбейтін, бірақ ел тіршілігіне аса қажет қызметтің нағыз майталманы болды. Оның еңбегі – формалды марапатқа емес, ел жүрегіндегі мәңгілік құрметке лайық.
Осы бір ерекше өмір жолын ұлықтауға арналған «Айтжан – Алғабастың анасы» атты кеш – ауыл мәдениетінің, ұрпақ тәрбиесінің үлгісі іспетті өтті. Салтанатты іс-шараға аудандық және облыстық деңгейдегі тұлғалар, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері арнайы келіп қатысты. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Әзімханұлы, «Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сайлаубай Әбішев, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Найля Палымбет, «Аманат» партиясының атқарушы хатшысы Жібек Баймұратова, көпбейінді орталық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Бақтыгүл Мұсағалиева, «Өскен өңір» газетінің редакторы Нұрболат Пірімбет сынды мәртебелі меймандар құрметті анаға ізгі тілектерін арнап, «АMANAT» партиясы аудандық филиалының атынан құрмет көрсетілді.
Сонымен қатар Алматыдан арнайы ат арытып келген танымал этнограф, тарихшы, 40-тан астам кітаптың авторы Өтеген Абдраман Айтжан Аманбаеваның өмір жолын ұлттық құндылықтармен сабақтастырып, ақжаулықты аналар институтының биік бейнесін сипаттап өтті. Кеш барысында әуелеген ән, әсерлі естеліктер мен жүрекжарды тілектер әсем үйлесім тапты.
Айтулы кеш ән-жырмен әрленіп, әсем арнаулармен шырайланды. Ерекше әсерлі сәттердің бірі – бүгінде ақындықпен танылып жүрген, Айтжан ананың өзі кіндігін кескен перзенттердің бірі – Бекзат Сыздықтың жүректен шыққан арнау өлеңі болды. Бұл өлең – бір ананың ғана емес, бір дәуірдің, тұтас ұрпақтың алғысы мен махаббатының көрінісі еді.
Айтжан Аманбаеваның мерейтойы – тек бір жанның ғана емес, тұтас бір ұрпақтың еңбегін еске алу, құрметтеу һәм тағзым ету кеші болды. Бұл шара – келешекке үлгі етер рухани сабақ. Ақ халатты абзал жанның өнегелі өмір жолы талай жасқа жолбасшы болып, мейірім мен мәрттіктің мәңгілік шамшырағына айналары анық.

С.МАДИЯРОВА,
сурет Б.БӘЙІМБЕТТІКІ
21 маусым 2025 ж. 25 0