АЛТЫН ҚОЛДЫ АНА
Медицина дамыды деген бүгінгі күні талай жанның, талай ана мен баланың ажалы кейде дәрігерлер қолынан болып жатқаны жан ауыртады. Осындайда «отқа салса күймей, суға салса батпай», қиындықтарға жансебілдікпен қасқая қарсы тұрған, бір өзі білдей ауыл-аймақтың амандығын мойнына арқалап, бірде-бір ана мен баланың өліміне жол бермеген жандардың өнегелі өмір жолына қызығушылықпен қарайсың.
Бір кездегі талдырмаш қыздың кейін бір әулеттің босағасын аттаған келін, артынша ана болып, міндеті көбейген сәттерде де қызметте қателік жібермеген, аналық, әжелік ғұмырында да ауыл қыз-келіншектерінің кеңесер тәжірибелі акушеріне айналған Зәуре Құрманбайқызының да өмір жолы әрқайсымызға үлгі болуға әбден лайық.
Бір кездегі талдырмаш қыздың кейін бір әулеттің босағасын аттаған келін, артынша ана болып, міндеті көбейген сәттерде де қызметте қателік жібермеген, аналық, әжелік ғұмырында да ауыл қыз-келіншектерінің кеңесер тәжірибелі акушеріне айналған Зәуре Құрманбайқызының да өмір жолы әрқайсымызға үлгі болуға әбден лайық.
Ол – жүздеген баланың дүниеге аман келуіне, талай ананың аналық бақытқа ие болуына, талай отбасының сәби күлкісіне кенелуіне себепші болған ақ желеңді абзал жан, бүгінгі ақ шашты ардагер ана. Медицина саласының арқалайтын жүгі ауыр екені белгілі. Саналы ғұмырын ізгілікпен толтырған абзал жанның жастық шағы мен бар күш-жігері осы бір қызмет жолына, халық игілігіне жұмсалып, адал еңбегімен абырой тұғырына көтерілді.
Зәуре Құрманбайқызы 1938 жылы 25 қаңтарда Алғабас колхозында дүниеге келген. 1955-1959 жылдар аралығында Қызылорда қаласындағы медициналық училищеде оқып, фельдшер-акушер мамандығы бойынша білім алып шығады. Алғашқы еңбек жолы 1959 жылы өзі туып-өскен ауылда акушер болып қызмет етуден басталған. Одан кейін 1961-1971 жылдары Қызылту колхозында фельдшер-акушер маманы болып жұмыс істейді. 1971-1994 жылдар арасында аудандық жедел жәрдем бөлімі, ауруханадағы балалар бөлімі, перзентхана және денсаулық орталығы сияқты әртүрлі бөлімдерде қызмет атқарады. Қуанышымен қатар қорқынышы мол қызметте жауапкершілікті бірінші орынға қойған абзал ана 35 жылға жуық еңбек өтілімен құрметті зейнет демалысына шығады.
Жаны жайсаң, көңілі дархан Зәуре апа көптеген бүлдіршіннің кіндік шешесі атанған. Қазір сол жандардың бәрі де есейіп, ер жеткен, әрқайсысы өмірден өз жолын тауып үлгерген. Бүгінде ауданда оны танып, халыққа тигізген пайдасын еске түсіріп, әңгімесіне қосып отыратындары да көп. Олар ақ халаттының күн-түнге қарамай, ауылды жаяу аралап, ауырған жанның үйіне барып, ем-домын ұсынып, тәуір болғанына көзін жеткізіп қана көңілі тыныштық табатынын айтып, еске алады.
Медицина саласындағы жемісті қызметі үшін З.Құрманбайқызы бірнеше мәрте республикалық, облыстық және аудандық марапаттарды иеленген. Мәселен, 1970 жылы «В.И.Лениннің 100 жылдығы» мерекелік медалімен, 1972 жылы Жоғарғы Кеңестің «Еңбек озаты» медалімен марапатталып, Денсаулық сақтау министрлігінің және облыстық атқару комитетінің жоғары наградаға байланысты жолдаған құттықтау хаттарына ие болады. Оған қоса алтын қолды дәрігерге 1979 жылы «Коммунистік еңбектің майталманы» төсбелгісі тағылады.
Бүгінде Зәуре Құрманбайқызы – жайқалған бәйтеректей бақытты ана. Ел ішіне ерен еңбегімен із қалдырған, сонысымен құрметті, сонысымен жақсы адам атанған ол 4 бала, 14 немере, 18 шөбере сүйіп, үлгілі әулеттің ақ самайлы әжесі болып отыр. Ұл-қыздарына үлгілі тәрбие беріп, жақсы қасиеттерді бойына жинатуда барын салған ол балаларының арқа сүйер жұбанышына, немерелерінің сүйікті әжесіне, ортасына сыйлы, беделді тұлғаға айналған. Шаңырағын шырқау биікке көтеріп, әулетінің ұйытқысы болып отырған Зәуре Құрманбайқызының артындағы ұрпағының бәрі де жоғары білімді жандар, қазірде түрлі салада қоғамға пайда келтірер қызметпен айналысып жүр.
Өзі дүниеге әкелдіріп, кіндігін кескен сәбилері үлкен азамат болған. Қарттық шағында ақ тілеулері орындалып, жан-жағы аман болып, ұрпағымен мың жасаған ақ жаулықты қария бүгін – 85 жаста. Оның алтын қолы мен көркем мінезін сезінген аудан тұрғындары Зәуре апа десе әлі де құрақ ұшады.
Таслима ӘЛІШЕР,
немересі