Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Алғыс адамды қанаттандырады

Алғыс адамды қанаттандырады



Адамзат баласына рухани тірек болатын не? Әрине, сыйластық, жанашырлық, түсіністік. Елімізде ертең аталып өтетін Алғыс айту күнінің өн бойында осы қасиеттерді дәріптеу мақсаты тұр. Асылында, біреуге алғыс айту немесе алғыс есту адамды қанаттандырады.

Алғыс айту күні әлем елдерінде әрқилы мезгілде, әртүрлі сипатта атап өтілетінін білеміз. Тарихы тым тереңге тартатын бұл мерекеден адамдардың бір-біріне деген құрметі, ризалық сезімі көрінеді.  Дөңгеленген дүниенің әр қиырындағы елдердің салт-дәстүрімен түрленген, бірақ, түп негізіндегі ізгі ниетті жоғалтпаған мерекенің бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түскенін байқаймыз.
Бұл күні бір шаңырақ астындағы тату-тәтті тірлігіміздің, ұлттық тұтастығымыздың берік негізін қалап жүрген барша қазақстандықтар бір-біріне ризашылығын білдіріп жатады. Мейірім мен достық пейіл, ақжарылқап тілектер ақтарылады. Еңбекке құрмет, өзара жәрдемдесу, қоғамдағы қолдау мен  азаматтық жауапкершілік құндылықтары туралы ой өрбітеміз. 
Адамның айналасына бейжай қарамауы, сергек болуы жанашырлықтан. Олар алғыс алу не мақтау есту үшін емес, жүрек қалауымен жақсылыққа ұмтылады. Батырлық – атқа мініп, жауға шабу емес. Оны өмірде кездесетін оқыс оқиғаларда қара басын қатерге тігіп, адамды ажал аузынан арашалаған қарапайым жандар дәлелдеп жүр. Мәселен,  Астана қаласында үш жасар қыздың өмірін құтқарған  Сәбит Шонтақбаевтың,  Қызылордада құдыққа құлап кеткен сәбиді құтқарған  15 жастағы Арманның ерлігі жайлы айтылды, жазылды. Көршісін өрттен құтқарып қалған Бақтияр Оспанов, із-түзсіз жоғалған адамды іздеуге атсалысқан Назгүл Қажытаева, өзінен кіші бауырларын  өрттен алып шыққан Мерей Бақыттың ерлігі туралы да ел құлақтанды. Олардың қай-қайсы болсын, ерлік жасадым деп ойламайды да. «Бұл – менің азаматтық парызым, көзім көріп тұрғанда қалай бұрылып кетпекпін?» дейді. Осындай азаматтық ұстаным әрқайсымыздың бойымыздан табылса, ерлік бағаланса, қоғам біріге түсер еді.
Алғыс айту күнінің көктемнің басталуымен, табиғаттың ояну уақытымен, жаңа үміттермен сәйкес келетінінің өзінде терең мән бар сияқты. Тіршілік түрленген кезде мейірім мен ізгілік, құрмет пен сенім жайлы айту, насихаттаудың, жарқын үлгісін көрсетудің маңызы зор. Сондықтан ризалыққа бөленуге, алғыс алуға ұмтылыңыз!
28 ақпан 2023 ж. 202 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930