Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлемдегі алғыс айту

Әлемдегі алғыс айту


Алғыс айту күні Елбасының басшылығымен тәуелсіз Қазақстанды баянды ету жолындағы еліміздің барлық азаматтарының бір-біріне құрмет білдіретін күні ретінде аталып өтеді. Бұл қазақстандық патриотизмді нығайтудың жарқын үлгісі.
Жалпы әлемде мұндай даталы күндер бар. Бірақ, әр ел аталған мейрамды әркезде тойлайды. Бірақ барлығының мақсаты – ортақ. Ол – береке мен бірлік, адамдардың бір-біріне деген құрметі, ризалық сезімі. Жалпы ризалық сезімін білдіру күні әлемде ағылшындардан бастау алды деген де дерек бар. Олар алғаш рет Америка құрлығына аяқ басқанда өздері танып білмеген жерге үйренісуі қиын болды. Жергілікті үндістерді аяусыз қырғанмен, солардың арқасында өздері аман қалғанын мойындады. Отарлаушы елдің Америкаға келген алғашқы губернаторы У.Брэдфорд 1621 жылы 90 үндіс пен тайпалардың көсемін жинап, оларға рақметін айтты. Өйткені, осы жылы халықтың тұрмысы өте ауыр болып, аштықтан зорға шыққан халықтың көңіл-күйін көтеру үшін губернатор алғыс айту күнін белгілейді. Бұл әрекет осыдан кейін тұрақты дәстүрге айналып, Америка жеріне келген ағылшындар үндістердің басын қосып, жыл сайын күзде рақмет айтатын болды. Ал, кейінірек АҚШ-тың тұңғыш президенті Джордж Вашингтон 26 қарашаны ұлттық мерекеге айналдырып, алғыс айту күні деп жариялайды. 1941 жылы АҚШ конгресі арнайы заң қабылдап, әр жылдың 4 қарашасын арнайы мереке етіп белгіледі. Содан бері АҚШ жұртшылығы осы мейрамды салтанатты жағдайда тойлап, атап өтіп келеді.
Ал, канадалықтар бұл мерекені жыл сайын 2 қазан күні атап өтеді. Оның да америкалық үрдістен айырмашылығы жоқ. Астықтың орылып, бидайдың жиналған уақыты канадалықтар үшін үлкен той, мереке. Мұны олар «еңбектің нәтижесі» деп ұғады.
Қытайлықтардың да бұл мерекені атап өтуі ерекше. Олар үшін алғыс айту мерекесі қыркүйек айының соңы мен қазанның ортасы болып есептеледі. Тіпті, кейде мұны «күз ортасындағы фестиваль» деп те атайды. Жиын-терім маусымының аяқталғанына қуанып, олар қуаңшылық болдырмай, астықты жинап алғаны үшін айдаһарға алғыс сезімін білдіреді. Қытайлықтар бұл мерекені отбасында ғана емес, ел болып тойлайды. Балаларын әдемі киіндіріп, шеруге шығарады. Сосын, кешкілік айға қарап, келешек күннен жақсылықтың болуын тілейді.
Ал, жапондықтар алғыс айту кү­нін күзде, 23 қарашада салтанат­ты жағдайда атап өтеді. 1948 жылы екінші дүниежүзілік соғыста жеңіліп, қалжыраған жапон билігі бүкіл бақ та, жақсылық пен дәулет те, тек еңбек арқылы келетінін ха­лық­қа осылай ұғындырған. Сөйтіп, күріш жиналған қара күздің 23 қарашасын «Еңбек күні» немесе «Алғыс айту» мерекесі деп жа­рия­лаған. Содан бері осы күнді күншығыс елінің тұрғындары 23 қарашада еңбектің құдіреттілігі туралы айтып, бір-біріне алғыс сезімін білдіреді. Бірақ, алғыс айту күнін тұтас мемлекет емес, бір қала тұрғындары ғана тойлайтын елді мекендер бар. Мысалы, Голландияда Лейлан қаласы тұрғындарының бұл мерекеге құрметі ерекше. Себе­бі, Америка жеріне алғаш аяқ басқандардың қатарында Лейлан қаласының байырғы тұрғындары да болған. Сондықтан, ежелгі Америка жерін көріп келген Лейланның қарапайым тұрғындары осылай алғыс айту күнін өз шаһарында да тұрақты өткізіп, дәстүрге айналдырған.
Міне, әр ел өзінше тойласа да, мұның мән-мағынасы, тағылым алар тәр­биесі жетерлік. Сон­дықтан, бір-біріңізге алғыс айтып, құр­мет­пен қарап жүргеннің арты­ғы жоқ.

Ж.Қауғанбаева.
02 ақпан 2019 ж. 2 015 0