Қартқа құрмет – ұрпаққа өнеге
Қарттарын қадірлеген елдің қазынасы ортаймайды. Өйткені үлкеннің өнегесі мен ақ батасы – кейінгі буынға жол көрсететін рухани бағдар. Қарттар күні қарсаңында Ы.Алтынсарин атындағы №219 мектеп ұжымы осы бір ізгі дәстүрді жалғастырып, аудандағы ардақты қарттардың шаңырағына арнайы барып, мерекелік құрмет көрсетті.Мектеп директоры Ұлбала Абдраманова мен «Әділет» партиясы Шиелі аудандық филиалының төрағасы Жібек Баймұратова ғасыр жасына қадам басқан ақ жаулықты аналар – 99 жастағы Райхан Үсенбайқызы мен 98 жастағы Майра Пернешқызының үйіне арнайы ат басын бұрып, мерекемен құттықтап, ақжарма тілектерін жеткізді. Ардақты аналарға сый-сияпат жасап, көңілдеріне қуаныш сыйлады.
Бір ғасырға жуық ғұмыр кешкен Райхан әженің өмір жолы – тұтас бір дәуірдің шежіресіндей. Ғасыр табалдырығына жақындаған кейуана ел басынан өткен талай тарихи кезеңнің куәсі болып, маңдай термен өрілген ғұмырында отбасының берекесін сақтап, ұрпағын тәрбиелеп, елге сыйлы азамат болып ғұмыр кешті. Оның өмірі – төзім мен табандылықтың, еңбексүйгіштік пен адамгершіліктің жарқын үлгісіне айналып отыр.
Майра әженің де жүріп өткен жолы кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық тағылымға толы. Қос қарияның әрбір сөзі мен өмірден түйген ойы – бүгінгі жас буын үшін баға жетпес тәрбие мектебі. Өйткені қарияның айтқан бір ауыз сөзі кейде тұтас кітаптың жүгін арқалайды. Ақ жаулықты аналар өздеріне көрсетілген құрметке ризашылықтарын білдіріп, мектеп ұжымына жүрекжарды алғыстарын жеткізді. Баталарын беріп, ізгі тілектерін ақтарды.
Мұндай кездесулердің мәні – мерекелік құттықтаумен ғана шектелмейді. Бұл – ұрпақтар арасындағы алтын көпірді бекемдеу, үлкеннің өмір жолын кейінгі буынға үлгі ету, ұлттық тәрбиенің тамырын тереңдету. Қарияға көрсетілген әрбір құрмет – өткенге тағзым, бүгінге береке, келешекке аманат. Халқымыз ежелден «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деп бекер айтпаған. Үлкенін төрге шығарып, ақ жаулықты ананың батасын алған елдің ынтымағы да, ырысы да арта түспек.
№219 мектеп ұжымының бұл игі бастамасы – үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетудің жарқын үлгісі. Қарияның көңілін бір ауыз жылы сөзбен тауып, батасын алу – ұрпақ тәрбиесінің ең көркем жолдарының бірі. Осындай ізгілікке негізделген тағылымды кездесулер көбейіп, үлкен мен кішінің арасындағы сыйластықтың алтын арқауы үзілмей, жалғасын таба бергей.
Салтанат Мәдиева,
«Әділет» партиясы Шиелі аудандық филиалының №219 мектепішілік төрайымы








