АҚЖАУЛЫҚТЫ АНАЛАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Тамылжыған көктемнің арайлы шуаққа толы мерекесі – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне орай аудан әкімі Айтбай Жандарбеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Найла Палымбет және бөлім басшыларымен бірге ақжаулықты аналардың шаңырақтарына арнайы барып, мерекемен құттықтады.Кездесу барысында аудан әкімі «Алтын алқа» иегері, 79 жастағы анамыз Балташ Жолдасованың, 96 жастағы тыл ардагері Күлсін Төлегенованың, білім саласының ардагері, 70 жастағы Жұпар Бошайбекованың, теміржол саласының ардагері, 75 жастағы Хадиша Бекмырзаеваның, 91 жастағы тыл ардагері Наужан Бегайдарованың, сондай-ақ 89 жастағы Батыр ана Гүлжамал Ахметованың шаңырақтарына барып, құрмет көрсетті.
Аудан әкімі өз сөзінде аналардың қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтіп: «Ана – әрбір отбасының берекесі мен бірлігінің ұйытқысы. Сіздер өмірдің талай белесін еңсеріп, ұрпақ тәрбиелеп, елдің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қостыңыздар. Бүгінгі мерекеде өздеріңіз арқылы ауданымыздағы барша ақжаулықты аналар мен қыз-келіншектерге ізгі тілегімізді жеткізіп, құрметімізді білдіруге келдік. Сіздердің ақ баталарыңыз бен өмірлік өнегелеріңіз кейінгі буын үшін қашанда үлкен үлгі», – деді.
Өз кезегінде ардагер аналар арнайы құттықтап келген азаматтарға алғыстарын білдіріп, ел амандығын тілеп, ақ баталарын берді.
@Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі






