Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырдан ұшқан қарлығаш

Сырдан ұшқан қарлығаш

««Өзге емес, өзім айтам өз жайымды» деп өршіл рухты, орақ ауыз, от тілді Қасым Аманжолов айтқандай, өз жайымнан азын аулақ хабар беріп, ел-жұртыммен сырласқым келгелі біраз уақыт өтті. Бірақ бізді әп-сәтте нарық теңізіне лақтырып аунатқан тіршілік толқындары шыр көбелек айналдырып, мойын бұрғызбай-ақ қойғанды. Соның сәті енді түскен сыңайлы» деген Қатира апаның өз сөзі. «Мен Қызылорда облысы, Шиелі аумағында орналасқан Ақмая ауылында 1951 жылы 22 сәуірде дүние есігін ашыппын. Отбасында бар болғаны бес-ақ адам болдық: әпкем Әсия, мен, сіңілім Ғалия, сосын біздің ата-анамыз» деп өзінің өмірбаянын «Сырдан ұшқан қарлығаш» атты жинағында қысқа қайырады.
1951 жылы Ақмаяда туғанымен 1959 жылы көктемде қызыл жыңғылы мен қара шеңгелі көп Қызылқайың деп аталатын дарияның арғы бетіндегі құмды жер, алақандай ғана ауылға көшкен. Бала болса да әр нәрседен хабары бар ойын баласы Қатира бұл ауылдың атына ұзақ таңқалған көрінеді. Қайыңы жоқ ауылдың тыныс-тіршілігі егін екен. Ала жаздай сумен жарысып балық ұстап, қарбыз-қауын, тары-бидай егіп, күзде жиған-тергенін қысқа сақтап, қыс басталғаннан көктемге дейін демалатын көрінеді. Ауылға жақын жердегі мектепте жетінші сыныпқа дейін білім алады. Кейін туған ауылы Ақмаяға қайта оралады. Жетінші сыныпты осында жалғастырған Қатира Сыздыққызы ауыл ішіндегі талантты жасқа айналады. Мұны ол былай: «мектепте, мәдениет үйінде түрлі қабырға газеттерін шығарамыз. Аудандық «Өскен өңір» газетіне мақала береміз. Жалғыз емеспін. Өзімнен бір жасқа үлкендігі бар Сәрсенбек Бекмұратұлы мен 1-2 жасқа кіші Серік Байхонов інім бар» деп еске алады. Бұл шығармашылық өнері арқылы аудан-ауылдарға танылып, абырой биігінен көрінеді. Бірақ ақындық қасиетінің бастауы қабырға газетінен басталмаған. Жалпы ақындық қасиет әкесінен дарыған. Әкесі Сыздық Жәленұлы сал-сері, сауықшыл болған көрінеді. Жастарды соңынан ертіп ән салып, айтыстарда топ жарып жүрген Сыздықтың аздап қалам түртіп қоятыны да болған. Сал-серілік құрып жүріп жасы отыз жетіден асқан шағында болашақ жарын кездестіреді. Қатираның анасы Сопбекқызы Ұлбала ол кезде үлбіреген, 18-19 жастағы балауса қыз екен. Сыздық қыздың жасына қарамай ұнатып, өзіне тең көрген. Тағы бір естелігінде әкесінің пеш түбінде отырып түрлі қисса-дастандарды жаттап, әуезбен құран оқып, ертегі, аңыз-әңгімелерді жадына тоқи беретінін айтады. Кейін оқығанын балдарымен бөліседі. Әсіресе аңға өзімен бірге Қатираны ала кетіп, жол бойында әңгімелеп беретін болған екен. Арасында әзіл аралас өлеңдер шығарып, балаларына айтқызып, достарымен қалжыңдасқан. Осындай әрекетімен баланың қабілетін танып, өнерге баулыған десек артық емес. Яғни, Қатираға ақындық қасиет әкесінен дарыған. Алғашқы өлеңі балалық шағының куәсіне айналған Қызылқайыңға арналады. Сағыныш сазынан туған түйдек-түйдек өлеңдер еріксіз дүниеге келеді.
Сағындым құмның баурайын,
Қызғалдақтар жайнаған.
Қалықтап мөлдір аспанда
Қарлығаштар сайраған.
Бұдан кейін болашағын ойлаған жас қыздың өлеңдері ойлы, шынайы ақындық қасиеті көрініп, тереңдей түседі.
Алдағы күнім не болар,
Әке, сізден айрылсақ?
Жігерім менің құм болар,
Қанатымыздан қайырылсақ.
Тағдырдан түсті ауырлық,
Біз неге сонша тарындық?
Бетіңіз бері қарар деп,
Үміт үзбей сарылдық, – деп өлеңдері жинақтала береді.
Өмірінің ең қиын шақтарында туысы Бессары руынан шыққан ақын, әкенің орнына әке болған, рухани тәлімгері Әбділда Тәжібаевпен байланысқа шығып, хат жазысып тұрады. Уақыт өте Әбділда Тәжібаевтың көмегімен оқуға түсіп, өнер саңлақтары мен мәдениет тарландарымен бір ортада жүреді. 1973 жылы қазіргі Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, Зейнолла Қабдолов, Рымғали Нұрғалиев, Тұрсынбек Кәкішев, Мәлік Ғабдуллин сынды ғалым, академиктерден сабақ, дәріс алады. Осындай ғалымдардан білім алған, тәрбие көрген Қатира күннен күнге шыңдала түседі. 1973-1993 жылдары Қазақ радиосында редактор қызметінде тапжылмастан 20 жыл жұмыс жасайды. Осы аралықта 1978 жылы тұңғыш жинағы «Кел, махаббат», 1981 жылы «Аңсаған менің әнімсің», 1989 жылы «Ақ гүлдер», 1986 жылы орыс тілінде шыққан ұжымдық жинақ «Разбег», 1983 жылы тәжік ақыны Г.Сүлейменованың «Қырық бұрым» атты шығармасын аударып, баспа беттерінде жарық көрді.
Ақын 1979 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық жас ақын-жазушылардың кеңесіне, Түрік дүниесі поэзиясы ІІ-фестиваліне қатысқан. Республикалық «Жігер» фестивалінің лауреаты, Абайдың 150 жылдығына арналған ақындар мүшәйрасының жүлдегері, Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының иегері, облыс әкімінің екі мәрте стипендиаты және «Айрықша қызметі үшін» мерекелік медалімен марапатталған ақын Қатира Сыздыққызы бүгінде асқаралы алпыс­тан асу асып, жетпістің баспалдағына мінді.
Қатира Жәленованың 70 жасқа толуына орай, Шиелі аудандық кітапханасы 29 қаңтар күні мерейлі мереке ұйымдастырып, ақынмен кездесу кешін өткізді. Кездесу кешіне аудан ардагері Ө.Исмаил, «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Н.Пірімбет, «Шарайна-Сейхун» газетінің бас редакторы Н.Елтай, Д.Байдрахманова, Жастар ресурстық орталығының бас маманы Ы.Боранбайұлы қатысып, ақынға жылы лебіздерін білдірді. Кеш ақынның өмір жолы туралы видеороликпен басталып, ақын шығармалығына байланысты №49 орта мектебінің оқушылары А.Баянбаева, Қ.Әнуар, Н.Өмірбай қойған сахналық көрніспен жалғасты. Мұнан кейін кеш кітапхана қызметкерлерінің ақын өлеңдерін мәнерлеп оқумен, №49 орта мектептің мұғалімі Ш.Құдайбергеннің арнауы және Е.Сейіловтың орындауындағы «Өскен өңір» әнімен әсерлене түсті. Кеш соңында кітапхана директоры Г.Жақыпова ақынға құрмет көрсетіп, ақ жаулық пен қазақтың дәстүрлі ұлттық киімі қамзол кигізді. Аналардың жолын ұстанған Қатира ақын қатысушыларға өзінің сый-сияпатын беріп, ризашылығын білдірді.

Ақбота БАЯНБАЙ
02 ақпан 2021 ж. 619 0