ҚОС ҚАРЛЫҒАШ, ҚИЯҚ ҚАНАТ ДОСТАРЫМ...
Биылғы көктемде ауылға бардым. Қара шаңырақтағы нағашымның үйіне арнайылап сәлем бердім. Сағынысып қалыппыз. Мәре-сәре болып қуанып жатыр. Қарашаңырақтағы шағын үй ескірген екен. Үлкендер оны бұзғысы жоқ. Өйткені, ол көпті көрген ата-әжеміздің көзі. Содан балалары сыртқы бөлмесін ғана бұзып, қалғанына жөндеу жүргізіп, ескінің жанынан жаңа үй көтеруге ниеттенді.
Араға уақыт салып ауылға тағы бет алдым. Сөйтсем, ағаларым тірлікті тоқтатып қойыпты. Себебі, кіре беріс бөлменің төбесіне қос қарлығаш ұя салыпты.
– Жұмысты енді бастағалы отыр едік, мына жыл құсы келіп, ұя салды. Енді біз тірлігімізді балапандарын ұшырғаннан кейін жалғастырамыз деп шештік. Әйтпесе, қарлығаштарға қиын ғой, – деді нағашы ағам.
Көңілім жылып қалды. Дереу құс ұясына қарай бардым. Қос қарлығаш көзге түсті. Бір сәтте есіме «Нұрмұқасан» тобының «Қос қарлығаш» әні түсті. Осын әнді ыңылдап айта бастағанымды сезбей де қалыппын.
Балалық балдәурен шақ еске түсті. Ол кезде біз «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» деген мультфильмді жиі көретінбіз. Осы бір кішкене құсты барша адам баласы өзіне жақын тартады. Басқа қанаттылар бізден қорқып, үркіп қашып жүреді емес пе? Қарлығаш шаңыраққа ұя салады, адамға бауыр басады. Үйіңіздің ішіне үйін салып, балапанын қанаттандырып ұшырады. Адамдар да оған тиіспейді. Ол – адамның досы, жанашыры, қай кезде де қамқор, адал құс.
Қарлығаштың ұясын ешкім бұзбайды. Оны киелі деп есептейді. Қарлығаш əр шаңыраққа еркін кіріп ұшып жүре береді. Соңғы уақытта бұл көрініс көзге шалына бермейді. Әсіресе, қалада тым сирек. Ұя салуға қамданған қарлығашты, есігін айқара ашқан үй иесін де көрмейтін болып барамыз. Есіктер жабылды, құс та өз жөніне кетті. Ал, бұрын қандай едік? Дарқан көңілді қазақтың қай шаңырағы болмасын, барлық жанға ашық болған. Бір-бірінің үйіне еркін кіріп-шығып жүретін. Қарлығашқа да орын табылатын. Қазір адамдардан мұндай кеңдікті, жанашырлықты көрмейсіз. Мұны құс та сезгендей...
Қазақ ұғымында ол пейіштің құсы. Білетіндердің айтуынша, əн салатын құстың көмейі қасиетті Құран сүрелерін шырқайтын көрінеді. Ел аузында Ескендір Зұлқарнайынды қарлығаш пəле-жала, қауіп-қатерден сақтапты деген тəмсіл бар. Бұл құс зағип болып туған балаларға арнап көкнəрдің сөлін жияды дейді. Ақ жəне қара қауырсыны алмасқан оның қанаты түнек пен жарықтың белгісі деседі. Міне, кішкене ғана құстың киесі осында…
Тағы бір кереметтілігі, олар балапандарын құлап кетпес үшін аяғын жылқының қылымен байлап қояды екен. Кейін ұшар кезде сол қылды өздері шешіп тастайды. Негізі адамға жақын құс ұя салса, ол үйге береке кіреді деген наным бар. Соны түсініп, қарлығашқа қиянат өтпеген нағашы ағама да, әлгі табиғаттың сыйы – қасиетті құстардың аман-есен қанаттанып кеткендеріне де қуанып қалдым. Шіркін, адам жүрегі үнемі осындай жылылыққа толы болса ғой...
Сәйкестік пе, нағашы ағамның үйінен шыққанда «Нұрмұқасан» тобының «Қос қарлығаш» әні алыстан естіліп жатты...
Қос қарлығаш, қияқ қанат достарым,
Қанатымен тілгілеген аспанын.
Тілгіленіп қалап еді-ау жүрегім
Ұя салса ауласына басқаның.
Көк төсіне көз салдым. Қалықтаған қарлығаштар көзге түсті. Жүрек түкпірінде оларға деген қимастық бар...
А.НҰРЛЫБАЙ