Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Халықберді» халыққа қызмет көрсетеді

«Халықберді» халыққа қызмет көрсетеді


Еңбекқор әкенің тәрбиесінде өскен Қарлығаштың қолынан көп іс келеді. Кішкентайынан қара жұмыстың қиындығынан қашпай, ер балаға тән ауыртпалықты арқалағанын әңгіме ауанынан аңғаруға болады. Мал қайырып, қой баққан қыздың қасиетті есімі де өзіне жарасымды. Қазақ халқы қарлығашты киелі құс ретінде бағалап, ол ұя салған шаңырақты бұзбайтынын сонау Қазыбек би туралы әңгімелерден білеміз. Тек қазақ халқы емес, әлем ғалымдары қарлығаштың сағатына 30 шақырымдай жерді ұшып өтетін жылдамдығына таң қалған. Сондай-ақ, қарлығаш оба тараған жерге келмейді. Оба, тырысқақ, шешек, безгек секілді жұқпалы аурулардың беті қайтып, ел сауыға бастағанын қарлығаштың қайта оралуына қарап білгенін орта ғасырлардан келе жатқан аңыздардан білеміз.
Біздің кейіпкеріміз де сол қарлығаш құсы секілді қаншама сырқатты ауруынан жазып, жақсы хабармен көңіл қуантып жүр. Ақ ниетті абзал дәрігер болуды қалаған Қарлығаш Халықбердіқызы 2010 жылы Астана қаласында акушер-гинеколог резидентурасын бітіреді. Дайын маман иесі Жезқазған қаласында ТОО «Жүрек» клиникасында акушер-гинеколог болып қызмет атқарады. 2011 жылдың ортасына дейін осы жерде жұмыс жасап, кейін Қызылорда қаласына қоныс аударады. Бала күннен еңбекке жақын өскен қыз бұл жерде де қарап отырмайды. 2012 жылы Қызылорда қаласындағы №6 емханаға қызметке орналасып, біліктілігін жетілдіре түседі. Одан әрі жеке клиникаларда да жұмыс жасайды.
Үздіксіз ізденіс үстінде жүретін Қар­лығашты медицина саласының басқа қырлары да қызықтырады. Нағыз білікті маман болу үшін білімді шыңдай түсу керек екенін түсініп, Қарағанды қаласында УЗИ мамандығының 4 айлық курсын оқиды. Сол жерде үйреніп, көрген-түйгенін іс жүзіне асыру үшін Шиелі ауданындағы «Ултрамед»-ке жұмысқа орналасады. «Алайда, 4 айлық оқу курсы медицина қызметкері үшін тым қысқа уақыт. Сондықтан, білгенімнен білмегенім көп екенін түсініп, әлі де іздену керек деп шештім» – дейді кейіпкеріміз.
Қарлығаштай қанатын жайып, қырағы көзімен көп дүниені шалып жүрген дәрігер шет ел мамандарымен де байланыс орнатады. Өзбек елінің Ахат есімді уролог УЗИ маманынан ақылы түрде сабақ алып, тәжірибесін арттырады. УЗИ-ге түсірудің қыр-сырына қаныққан Қарлығаш Халықбердіқызы жеке клиника ашуды көздейді. Себебі, Шымкент, Түркістан, Байқоңыр сынды қалалардан науқастар арнайы іздеп келіп, ем алу үшін қонақ үй жағалап кететін. Тіпті, кейбірі жеке клиника ашу туралы пікірлерін де білдірген көрінеді. Ойлана келе, игі іске білек түре кіріседі.
Бүгінгі таңда Қызылорда облысындағы аудандар арасында тұңғыш рет ашылған «Халықберді» клиникасы жаңа заманға сай технологиялармен жабдықталған. Іші таза. Емделушілер де дән риза. Бағасы да қолжетімді. Күніне бес мезгіл диеталық тағамдар беріледі. Бастысы емделушілердің жағдайы жасалған. Сондай-ақ, жаңа аппараттар арнайы шет елден тапсырыспен әкелген. Ең қымбат «LOGIOT 8» маркалы Узи аппараты жүкті әйелдің босану уақытын, баланың жағдайын анық көрсетіп береді. Тіпті 4D суретін шығаруға да мүмкіндік бар. Ал, «Матрикс-Влок» сәуле аппараты жүйке жүйесін тыныштандырып, қан қысымын қалпына келтіруге көмектеседі. Сонымен қатар, қанды тазартып, жүкті әйелдің таксикозын да осы аппарат арқылы емдеуге болады екен. Бәрінен бұрын күйік шалған теріні із қалдырмай қалпына келтіретін мүмкіндікке ие.
«Қарлығаштай қанатымен су сепкен» Қ.Халықбердіқызы Астана қаласындағы «Ана мен бала» орталығында «балалардың қан тамырларының қоректенуі» жайында арнайы курс оқиды. «Себебі, мұндай маман Шиелі ауданында тапшы. Тіпті, Жаңақорған ауданынан келіп түсіп жатқан адамдар да бар» – дейді. Халыққа қызмет жасау үшін тынбай еңбектеніп жүрген маманның еселі еңбегі елеусіз қалған емес. Өйткені, дертін дөп басып, емін тапқан Қарлығашқа сырқатынан айыққан адамдар алғысын білдіріп жиі келіп жатады. Ал, ауданнан ашылған «Халықберді» клиникасына ешқандай жарнама жасаған емес. Оны науқасынан айыққан адамдардың айтуымен, үмітін арқалап келген адамдардан естідік.
«Денсаулық зор байлық» деп бағамдаған халық үшін дәрігерлердің білімі мен білігі маңызды. Дертіңе дерт қоспай, ауруыңнан айықтырар мейірім күтетін дәрігердің кейбірі қабағын қатып, жөнін айтпайды. Жаның қысылып, күнің түссе мұрнын көкке көтеретін мамандарға тәуелді болмайтындай күнге жеттік. Елбасы Н.Назарбаев: «Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріндегі дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты кезекті Жолдауында үздік денсаулық сақтау ісін қалыптастыруымыз қажет деген болатын. Сондай-ақ, жаңа технологияларды меңгеріп, қағаз қолданбайтын ауруханаға айналатынымызды жеткізді. Сондықтан, аудан орталығында жеке клиникалар бой көтеріп, бәсекелестікті арттыра түспек. Бұл, ауруханалардың қызмет көрсету сапасын да көтереді.

Негізгі мамандығы акушер-гинеколог болғандықтан бойына бала бітпей жүрген әйелдерді емдеуді де қолға алу ойында бар. Бұйыртса, әйел затына ана бақытын сезіндіріп, бедеулік пен белсіздікті емдейтін үлкен клиникаға айналады деп сенеміз. Халыққа дауа берген Қарлығаш мұқым бір қазақ елінің демографиясын көтеруге сеп боларлық іс жасауға бел буса, біз де оны қолдауға даяр­­­­­мыз.
Гүлнәр Дүйсебай.
27 қаңтар 2018 ж. 1 328 0