Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шиелінің шынары Қатира ақын

Шиелінің шынары Қатира ақын

Жуырда Н.Бекежанов атындағы облыстық академиялық музыкалық драма театрында Сыр елінің ғана емес, Алаштың айтулы ақын қызы Қатира Жәленованың 70 жылдық мерейтойына арналған «Сезімнің нәзік сырлары» атты шығармашылық кеш өтті. Кешке облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет Сыр өңірінің зиялы қауым өкілдері, елімізге белгілі қаламгерлер қатысты.
Мерейтой аясындағы ажарлы кешті ақын Көпен Әмірбек жүргізді.1951 жылы Ақмая ауылында туып-өскен Қатира Сыздыққызы сегізінші сыныпта оқып жүріп-ақ, өзінің сыршыл өлеңдерімен көрініп, елді елең еткізген еді. Өлең оны шығармашылық ортаға қарай икемдеді. Талантымен таңдай қақтырған жас аудандық «Өскен өңір» газетінде тілші болып қарым-қабілетімен көпшілікке танылды. Жыр шумақтарын жариялады. Аудандық басылымда ақындардың жазба айтысы жиі жарияланатын. Ал, оған жауап қатып, сыршыл жырларымен көпті тәнті етіп жүрген жанның бірі – Қатира ­Жаленова апамыз.
Кейін Алматыдағы үлкен ақындардың ортасында өзінің лайықты орнын алып, поэзия көгінде жарқырап көрінді. Қазақтың қара өлеңінің қазанын қайнатып жүрген ақын не жазса да жүрекке жеткізіп жазатын даралығымен, мықтылығымен танылды. Алатаудың шыңынан қалың қазаққа үн қатқан ақын апа өзінің 70 жасқа толған мерейтойын туып өскен жері Сыр елінде атап өтті.
Салтанатты кешті Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, қазақ ақындары жыр мүшәйрасының бірнеше мәрте жеңімпазы, Қазақ радиосының үздігі, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы», өлеңнің өрен жүйрігі атанған Қатира Жәленова өзінің «Ақын деген халықпыз» атты өлеңімен ашты. Мұнан соң облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова сөз сөйлеп, Сыр елінің өнерсүйер жұртшылығы атынан мерейтой иесін құттықтады.
– Өңіріміздегі ақын қыздардың көшбасында тұрған Қатира Сыздыққызы – өзінің өміршең шығармаларымен Сыр елінің рухани-мәдени өміріне зор үлес қосып, туған жердің атын алысқа танытқан талант иесі. Ақынның «Аңсаған менің әнімсің», «Ақ гүлдер» аталатын жыр жинақтары мен ән мәтіндері өлеңсүйер қауымның сүйікті шығармаларына айналды. Сондай-ақ, ақын өлеңдері орыс тіліндегі жинақтарда жарық көріп, аударма ісімен айналысқаны баршаға мәлім. Қазақтың аяулы ақын қызын мерейлі мерекесімен құттықтап, осы тойға Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Оразбайұлының өзі бас­тап, халқымызға танымал өнер өкілдерінің атбасын бұрып келуі де Қатира апайдың поэзиядағы өзіндік орнын танытса керек. Құрметті Қатира Сыздыққызы, өзімнің атымнан және Сыр елінің жырсүйер жұртшылығы атынан сізді бүгінгі мерейлі жасыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Сізге зор денсаулық, шығармашылық табыс тілеймін. Біз сізді, шығармашылығыңызды әрқашан биік бағалаймыз, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы ақынға облыстың ең жоғары марапаты – Қызылорда облысының «Құрмет грамотасын» тапсырып, дәстүрге сай сый-сияпат көрсетті. Мұнан соң кеш қонақтары «Жастар» театры әртістері орындаған ақынның өлеңдеріне құрылған сахналандырылған қойылымды тамашалады.
Кеш барысында Алматыдан арнайы келген ақынның қаламдастары да лебізін білдірді. ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұ.Есдәулет одақтың атынан құттықтау тапсырып, сый-сияпат көрсетті. Сонымен қатар, аймақ басшысына, қаламгерлер қауымына қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.
Шара барысында Ұлықбек Есдәулет аймақ қаламгерлерін Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке қабылдап, куәліктерін салтанатты түрде табыстады.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Шәмшия Жұбатова, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Серік ­Байхонов, Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиал төрағасы Қаршыға Есімсейітова, белгілі сатирик Көпен Әмірбек құттықтау сөз сөйлеп, мерейтой иесінің шығармашылығына тоқталды. Сондай-ақ, қазақтың белгілі ақын қыздары Ақұштап Бақтыгереева мен Күләш Ахметованың арнайы жолдаған құттықтау өлеңдері оқылды.
Мұнан соң ҚР Жазушылар одағының мүшесі, белгілі қаламгер Ғазиза Әбілда бастаған ақын сіңілілері мерейтой иесінің өлеңдерін оқыды. Кеш барысында Қатира Жәленованың сөзіне жазылған әндер орындалды. Шалқар шабытты сезініп, өмірге деген айрықша көзқарасы, дара қабілеті бар адам ғана ақын атанары хақ. Қалам қуатына бағынып, жыр жақұттарын моншақтай тізген сөз зергерінің жазары көп. Өйткені кеудеде жүрек, санада ой барда, ақынның шабытына ешнәрсе тұсау болмайды.

Шапағат Тілеубаев

16 қараша 2021 ж. 894 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930