Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Асқар Жұмаділдаевтың шәкірті

Асқар Жұмаділдаевтың шәкірті

Елімізде бүгінгі таңда математика пәні мұғалімінің тапшы екені жиі айтылады. Ойлау жүйесін арттырып, мидың жұмысын ширататын математика пәні қиын әрі қызық екені дау­сыз. Киелі Шиелі топырағында дүниеге келіп, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ҰҒА-ның академигі Асқар Жұмаділдаевты тілге тиек етсек, математик маман жоқ деп айту бізге сын болмақ.
Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ физика-математика пәніне деген қызығушылығы математика пәнін жетілдіріп оқуға септігін тигізген бүгінгі кейіпкеріміз Сәкен Сейтжанов – №270 Ғафу Мұхамеджанов атындағы қазақ орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі. Ол 2009-2012 жылдар аралығында республикалық физика-математика мектебінде жерлесіміз Асқар Жұмаділдаевтан білім алады. Математика әлемінің сан қырлы тәжірибесінен өткен бала шәкірт жоғарғы оқу орнына Қазақ Ұлттық университетіне түседі. Математика пәнінің мұғалімі мамандығын толық игеруді мақсат тұтқан ол, одан әрі магистратураға тапсырады. Әсілі, мұғалім болу – бар білгеніңді шәкіртіңе үйрету. Осы үдеден шығу жолында көп ізденіп, тындай ғылым-ілім іздегеннің берері де көп болмақ. Оны бүгінгі кейіпкеріміздің бойынан аңғаруға болады.
Жас маман қолға дипломын ұстап, туған жеріне қызмет жасау үшін оралады. Осылайша №270 Ғ.Мұхамеджанов атындағы мектепте 2 жылдан бері жұмыс істеп келеді. «Бұл қызметте балалармен жұмыс істеудегі сүйіспеншілік, өз ісіне деген тиянақтылық пен үлкен жауапкершіліктің болғаны маңызды. Балаларға білім нәрімен сусындату, оларға білгеніңді үйрету – оңай іс емес. бұл мамандықты таңдарда осындай қадамға дайынмын ба, бұл мамандықты игеру, білім ошағы, шәкірттер, олардың ата-анасы, мұғалім ұжымы сияқты үлкен тұлғалардан құралған ортада жұмыс істеу қолымнан келе ме деген ой болды. Сондықтан болар, математика пәнінің тереңіне бойлай түсуді мақсат етіп қойдым. Білгенім бір тоғыз, білмейтінім тоқсан тоғаз» дегендей әлі де шәкірттеріме үйрете жүріп үйренерім көп деп білемін» дейді ол.
Биыл оқу жылының IV тоқсаны онлайн форматта өткені мәлім. Осындай қиын сәтте де оқушылардың сабақ жоспарынан қалмауын бақылауда ұстап, барынша жеңіл, ұғыныңқы жолмен түсіндіруге тырысқанын тілге тиек етті Сәкен Талғатұлы. Бүгінгі таңда мектеп түлектерінің ҰБТ дайындығын пысықтап, математика пәнінен дайындық курстарын да жүргізіп жатыр. Аудандағы барлық мектеп бітірушілердің ұсынысымен «Береке» сауда үйінің үшінші қабатында арнайы оқу курстарын өткізіп жатқандығын да айтты.
Математика ғылымының жұлдызына айналған Асқар Жұмаділдаевтың жерлестері есептен жаңылыспаса керек-ті. Ал оның шәкірттері әлі талай Асқар Жұмаділдаевтай мықты математиктерді шығарады деген үміттеміз.

Гүлнәр ӘБДІХАНИҚЫЗЫ
02 маусым 2020 ж. 467 0