Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «ӨНЕГЕЛІ ӨМІР» СЕРИЯСЫ БОЙЫНША КЕЗЕКТІ КІТАП ЖАРЫҚ КӨРДІ

«ӨНЕГЕЛІ ӨМІР» СЕРИЯСЫ БОЙЫНША КЕЗЕКТІ КІТАП ЖАРЫҚ КӨРДІ


Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің механико-математика факультетінде Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Серікқали Есқалиұлы Темірболаттың туылғанына 80 жыл толуына арналған ғылыми семинар және «Өнегелі өмір» сериясында жарық көрген «Серікқали Темірболат» атты кітаптың тұсау кесер рәсімі өтті.
Серікқали Есқалиұлы Темірболаттың туылғанына 80 жыл толуына арналған ғылыми семинар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің механика-математика факультеті мен Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің теоретикалық математика және ғылыми есептеулер институтының бірлесіп ұйымдастырылды. Семинарда еліміздің белгілі ғалымдары Нұрлан Темірғалиев, Мақтағали Бектемесов, Мирболат Сихов, Жанұзақ Тоқыбетов, Балтабек Кангужин, Тұрсынбек Елдесбай, Максут Абенов, Марс Габбасов, Оңдасын Әбілқайыров, Асет Дурмагамбетов, Сеиткасым Байбеков өз ғылыми зерттеулерінің жаңа нәтижелерін баяндады. Семинар кезінде Серікқали Есқалиұлы Темірболаттың ғылыми еңбектеріне тоқтала отырып, «Кері және қисынды емес есептер» саласының жаңа нәтижелері де көрсетілді. Сонымен қатар Елбасы өз жолдауында «Адами капитал – жаңғыру негізі, барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет» дегендей, математикалық білім берудің өзекті мәселелері талқыланды.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университет ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтановтың басшылығымен «Өнегелі өмір» сериясында жарық көрген «Серікқали Темірболат» атты кітаптың тұсау кесер рәсімі болды. Салтанатты шараны университет ректоры Ғ. Мұтанов ашып, қазіргі заман талабына сай математикалық білім берудің маңыздылығына тоқталып өтті. Тұсар кесу рәсіміне ҚР Президенті Кеңсесі бастығының орынбасары Темірболат Бақытжан, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің бірінші проректоры Бектемесов Мақтағали, механика-математика факультетінің деканы Жакебаев Даурен, дифференциалдық теңдеулер және басқару теориясы кафедрасының меңгерушісі Дауылбаев Мұратхан,  Серікқали Темірболаттың туған-туысқандары, достары, әріптестері және механика-математика факультетінің ұжымы мен студенттері қатысты. Шараны механика-математика факультеті мен дифференциалдық теңдеулер және басқару теориясы кафедрасы ұйымдастырды. Салтанатты жиында Серікқали Темірболаттың өмір жолы баяндалып, ғылым мен білім саласындағы жетістіктері айтылды.
Сырым Касенов,
ҚазҰУ-дың теңдеулер және басқару теориясы кафедрасы меңгерушісінің орынбасары
09 ақпан 2018 ж. 1 627 0