Сырсүлейлерінің жырына сусындаған ғалым
Ұлы даланың ұмытылмас тұлғалары көп. Елбасы Н.Назарбаев: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуі тиіс» деген болатын. Осы мақсатта, еліне аянбай қызмет еткен, ұстаздық жолының өзі бір төбе Алма Қыраубаеваның 70 жылдық мерейтойына арнап, бейсенбі күні аудандық мәслихат хатшысы Болат Сыздық бастаған ел ағаларының қатысуымен үлкен іс-шара өтті.Қазақ баласының ұлттық болмысын қалыптастыруда тынымсыз еңбек еткен біртуар ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор А.Мүтәліпқызының өмір жолы өнегеге толы. Оның ғалымдығынан тыс, әншілік-термешілік қасиеті де талайды тамсандырған деседі. Қазақ «тақыр жерге гүл өспейді» деп бекер айтпаса керек. Киелі Сыр өңірінде дүниеге келген А.Қыраубаеваның шыққан тегі де осал емес. Әкесі – Мүтәліп Қыраубайұлы ақын, жыршы, палуан болған адам. Анасы – Күлжан Сүлейменқызы Мұстафа Шоқайдың немере қарындасы. Үлкен нағашы атасы – Ысқақ молда, Құмжарған деген жерде мектеп ашып, Мұстафа Шоқайға ұстаздық еткен. Ұшқан ұясынан, әкесінен алған тәлімі Алма апайдың да болмысына дарығаны анық.
Ғибратты ғұмырымен перзенттеріне үлгі болған ұлғатты ұстаздың құрметіне Сұлутөбе ауылдық округі, 1 мамыр ауылындағы Алма Қыраубаева атындағы №40 мектептің алдына орнатылған ғалымның бюстінің ашылуы, мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласымен ұштасуы нұр үстіне нұр болды. Рәсімнің ашылу салтанатында алғы сөз аудандық мәслихат хатшысы Б.Мүбаракұлына берілді. Сонымен қатар, ғалымның әріптестері әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология және әлем тілдері факультетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Ж.Жұмалыұлы мен Оңтүстік Қазақстан облысы педагогикалық университетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Қ.Сұлтанұлы өз естеліктерімен бөлісті.
Сондай-ақ, саналы ғұмырында артында өшпестей із тастап, қазақ ғылымына ауқымды еңбек сіңірген жан туралы әріптестері мен шәкірттері Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің студенттер сарайында өткен «Алма Қыраубаева әдеби зерттеулерінің ұлт руханиятындағы маңызы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда жүректеріне жазылған сырларымен бөлісті. Жиында ғалым, ұстаз А.Мүтәліпқызының өмір жолы жайында деректі фильм көрсетілді. Одан әрі, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы А.Қайруллаев жүргізген конференцияда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті түркология кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының доценті Ш.Ибраев «А.Қыраубаева әдебиет тарихын зерттеу еңбектері» атты баяндама жасады. Сондай-ақ, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының доценті А.Салқынбай «Қазақ әдебиетінің мың жылдық тарихына сапар шеккен жолаушы қыз», Қорқыт Ата атындағы ҚМУ қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты А.Айтбаева «Жұмжұма сұлтан дастаны – рухани даму бастауы» тақырыбында сөз қозғап, А.Мүтәліпқызының өмір жолы мен еңбектерін насихаттады. Ал, Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Ж.Камалқызы «Сыр сүлейлерінің жырына сусындаған өресі биік ғалым» атты баяндамасында: «Алма Қыраубаеваның еңбектері төрт салаға бөлінеді: бірінші бағыты – орта ғасырлардағы шығыстық қисса-дастандары мен әдебиетін зерттеді, екінші бағыты – түркологиялық зерттеулер, үшінші бағыты – педагогикалық зерттеулер, төртінші бағыты – Жамбыл Жабаев шығармашылығы. Ақынның ұмытылған термелерін жинақтап, өз орындауында Қазақ радиосының Алтын қорына жаздырып, «Жамбыл әуендері» жинағын құрастырды. Сонымен қатар, 2008-2012 жылдар аралығында «Ғасырлар мұрасы» (2008), «Ежелгі әдебиет» (2008), «Шығыстық қисса дастандар» (2010), «Жаным садаға» (2011), «Мыңжылдық жолаушы» (2012) атты бес томдық шығармалар жинағы жарық көрді» – деп, ғалымның еңбектерін де ескере кетті. Кеш соңында ұстаз атын ұлықтаған Сыр өңірінің халқы мен ұрпағы ғалымға арнап ас беруді де ұмыт қалдырмады.
Г.Дүйсебай.