Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұстазды ұлағат тұтқан ұлттың ұтары көп

Ұстазды ұлағат тұтқан ұлттың ұтары көп

Елбасының «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты жалпыұлттық маңызы зор мақаласында мемлекеттің алдағы ұстанымына негіз боларлық бірқатар бағдарламалар жобасы халықтан қызу қолдау тауып, іске асып жатыр.
Мемлекеттің әуелі экономика одан кейін идеология, саясат деген ұстанымы өзгерді бүгін. Қазір ішкі идеологиялық, рухани-патриоттық, тіл, дін мен діл атты ұлттың ұстанымы саналатын асыл құндылықтарға баса көңіл бөлініп, жалпыұлттық жаңғыру жолына қадам бастық. Өткен, өшкен, халық жадынан ұмытылып кеткен тұлғалар, тарих қатпарына көміліп, халық санасынан, ұлт жадынан жоғала бастаған түрлі рухани мәдени құндылықтарымыз қайта аршылып, жарыққа шығару үрдісі басталды. Бұл мәңгілік елдікті мұрат тұтқан Қазақстан атты алып мемлекеттің, тамырын сонау сақ, ғұн, түркі қағанаттарынан тарқатып келе жатқан қазақ деген ұлы халықтың асыл арманы, бүгінгі ұстанымы.
Елбасының бастамасымен ішкі саяси бағыт, бағдар белгіленді. Енді тек іске асыру, жұмыла жұмыс жасау, көп болып бірігіп қолдау қалды. Қалғаны уақыттың еншісінде.
Мақалада Елбасы «Құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен жоғары қоятын ұлт қана табысқа жетеді», – деп бәскеге қабілеттілік алдағы болашақта тек біліммен ғана айқындалып, өлшенетіндігін меңзеді.
Олай болса, білімді насихаттау, оны жас ұрпақ бойы­­на жан-тәнімен сіңіру механизімін қалай іске асырамыз? Қайтсек қазіргі қазақстандық көкжиектен ғылым-білім атты әлемдік көктің төріне өрмелеп шығамыз деген сауалдарға да мақалада анық жауап берілген.
Байқасаңыз қазақ баласының жалпы қазақы менталитеттің «болмасаңда ұқсап бақ» атты еліктеушілік мінезге жақынырақ екені мәлім. Біз алдымызға өршіл мақсат қойып, соған жету үшін айналамыздан, жан-жағымыздан сол жетістікке жеткен жандарды іздеп, сондай тұлғаларға еліктей кететініміз бар. Тіптен сөйлеу мәнеріміз, сөз саптауымыз, жүріс-тұрысымыз, киім-киісімізге дейін өзімізден көш ілгері озық тұрған жандарға еліктейтініміз жасырын емес. Бұл әрине жақсы қасиет. Ендеше ілім-білімде, ғылымда жоғары жетістікке жеткен жандарды да қоғамда кеңінен насихаттау арқылы жастарды сондай азаматтарға еліктету тетігін ойлап тауып, соның қағидатын қалыптастырсақ қайтеді.
Қазақта «Мадақтасаң ұстазыңды мадақта, сол емес пе сені қосқан санатқа» деген тамаша тәмсіл бар. Мінекей, осы сөзді ұранға айналдырып, ұлағатты ұстаздарды, қазақ біліміне өлшеусіз үлес қосқан жандарды тек бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ғана емес, басқада іс-әрекеттер арқылы кеңінен насихаттаудың күні туды. Жуырда, ауданымыздағы Сұлутөбе ауылдық округіне қарасты 1 мамыр ауылындағы №40 мектепке, осы оқу орнының түлегі филолгия ғылымдарының докторы, профессор Алма Қыраубаеваның есімі берілді. Болашақта мектеп түлектері Алма Мүтәліпқызы секілді ғылым жолын қуып, жоғары жетістікке жетуге талпынады. Осылайша жастар ғылым көгіне өрмелеп шықса, есімдері алтын әріппен әрленіп, уақыт өте келе ұлықталатындығын, ұрпақтар ұмытпайтындығын біледі, сезінеді, сол жолға ұмтылады. Құптарлық іс.
Ал, ауылда қалып, ауыл мектебіне, ауыл оқушыларына нәтижелі білім беріп, шәкірттерін шыңдап, асқақ армандармен арқаландырып,жоғары жетістіктерге жеткізіп келген және жеткізіп жүрген жоғары білікті ұстаздар қауымының еңбегін қалай насихаттасақ болады? Туған жерде қалып, туған ауылға қызмет еткен жоғары білікті ұстазды, іргелі ұстаздық жолды қалай насихаттаймыз? Себебі қазақ баласының, бәсекеге қабілетті қазақ білімінің болашағы осы ауылдардағы мектептерде, сол жерлерде еңбек етіп жатқан ұстаздар қауымының бүгінгі қауқарында жатқан жоқ па?
Бұл туралы Елбасы өз мақаласында «Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», – деп, жалпы халыққа, өзі туып-өскен ауылға кіршіксіз қызмет еткен тұлғаларды насихаттаудың барлық тетігін қалыптастыруды көрсетіп берген болатын. Ендеше, ауылына, ондағы мектепке қызмет еткен жоғары білікті ұстаздарды да құрметтеу, насихаттау, олардың есімін жас ұрпақтың санасына мықтап сіңіру үшін еңбек ететін кез келді. Ұлағатты ұстаздарға өздері ұзақ жыл еңбек еткен оқу орнының есімін беру әбестік болмас. Мәселен, бүгінгі Ә.Тәжібаев атындағы ауылдағы орта мектепке саналы ғұмырын халық ағарту ісіне сарп еткен, осы ауылдың мектебіне қалтқысыз қызмет еткен ұлағатты ұстаз Досмахан Сұлтанұлының есімін берудің кезегі келген секілді.
Әйтпесе қазір, мектепте ұзақ жыл ұстаздық салада еңбек еткен адамдардан гөрі, сол мектептің түлегі болған ақын, жыршы, спортшы, батыр, би, шешен, болыс, соғыс сарбаздарының есімдерін беру қалыптасып бітті. Әрине бұл үрдіске біз түбегейлі қарсы емеспіз. Айналып келгенде барлығы тұлғаны құрметтеу. Дегенмен осындай тұлғаларды қалыптастыруға зор еңбек сіңірген ұстазды да ұмыт қалдырмау шарт емес пе? Сондай ұстаздың бірі және бірегейі кезінде мұқым елге үлгі болған Досмахан Сұлтанұлы деп білеміз.
Ауданның «Бибіпатымасы» атанған Ұлман апа Мәміреева өз естелігінде «Соғыстың ауыр кезеңдерінде ауданымыздың кейбір елді-мекендерінде сабақ беретін мұғалімдердің жетіспеушілігінен мектептер жабылып немесе бір-біріне қосылып жатты. Бір ауылдың оқушылары екінші ауылға қысы-жазы жаяу қатынаған кездер де болды. Ауданның Қызылдихан елді-мекеніндегі 7 жылдық мектеп Д.Сұлтанұлының бір өзі бірнеше сабақтан дәріс беруі арқасында жабылудан аман қалды, қайта көрші Жуантөбе ауылдық кеңесінің Ленин атындағы бөлімшесінің оқушылары Қызылдиханға жаяу қатынап оқыды» – деп сонау сұрапыл соғыс жылдары, ауыл балаларына «суықта пана, ыстықта сая» болған жанның еңбегін тебіреніспен еске алады.
Гүлжан Жәукебаева «Ауданымызға ат арылтып, астанамыз Алматыдан келетін ақын-жазушылар академик М.Қаратаев, Ә.Тәжібаев, Т.Молдағалиев, т.б кісілерге серік болуға, оларды ауданның тыныс-тіршілігімен таныстыру ауданымыздың байырғы әдебиетші мұғалімі Досмахан Сұлтанұлының тікелей міндеті еді. Аудан бойынша мектеп мұғалімдері ішінен үкіметіміздің жоғары дәрежелі «Құрмет орденімен», КСРО, «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» деген атақтарға ие болған санаулы кісілердің бірі Д.Сұлтанұлы екені мәлім», – деп оның білік-білім деңгейінің шындығында жоғары екендігін меңзейді.
Мемлекеттік сыйлықтың иегері жазушы Оразбек Сәрсенбаев «Менің әдебиетші ретіндегі елге танылуым, өмірімнің негізгі ұстанымына айналуы кезінде әдебиеттен сабақ берген, ардақты ұстазым Досмахан Сұлтанұлының арқасы» – деп ұстазын ұлықтаудан жаңылмаған. Әсілі, қазақы тәрбие, қазақы болмыс сүйегіне сіңген әрбір азамат осылай деп тебіренсе керек.
Аудандық «Өскен өңір» газеті де бұл бағытта бірнеше рет қалам тербеп, сөз қозғап, ұстаз есімінің ұлықталуын қолдап келеді.
Туған жерге, туған ауылға ту тігіп, осында тірлік етіп, өмір кешіп, еңбек етіп келген жандардың ұлықталуға хақысы бар деп ойлаймыз.
Әбілда Тәжібаев «Мұғалім деген ат-қасиетті ат. Мұғалім деген аттан таза еңбекті сүйетін мамандық иесі деген сөзді ұғынады. Елдің надандығымен алысатын адам мұғалім», – деп мұғалімдіктің мәнін ашып, ұстаздыққа анық құрмет көрсетеді. Халық жазушысы Ә.Тәжібаев атындағы ауыл мектебінің қалыптасуына еңбегі сіңіп, 15 жасынан мұғалімдікті өмірлік ұстанымына айналдырып, сол жолда 40 жыл өмірін сарп еткен тұлғаны ұлықтау, есімін дәріптеудің уақыты келгендей.
Оның үстіне ауданның 90 жылға жуық тарихында бірде-бір шиелілік ұстаздың өзі қызмет еткен оқу орнына есімі берілмегенін ескерер болсақ, аталған ұсынысқа ұқыптырақ қарауымыз қажет секілді.

Нұрболат Сәдуақасұлы.
09 желтоқсан 2017 ж. 1 501 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031