Басқаларды үйрете жүріп, өзіміз де үйренеміз
Үстіміздегі жылдың ақпан айының 15 күні №45 «Ақ Орда» мектеп-гимназиясында «Физика сабақтарында жаңа технологияны меңгерту арқылы оқушылардың зерттеушілік қызметін дамыту» тақырыбында физика пәні мұғалімдері арасында аудандық семинар-практикум өткізілді. Семинарды мектеп-гимназия директоры Айнұр Архабаева ашып берді. Бұл шарада Айгерім Кизайбекова, Ақнұр Сейілова, Меруерт Лекер, Айнұр Жақыпова оқушыларға физика пәнін оқытуда сын тұрғысынан ойлау қабілеттерін ашатындай әдістерді қолдана отырып, жаңашыл сабақтар өткізді. Жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша инновациялық тәжірибелерді насихаттау мақсатында тәжірибе алаңы мен коучинг ұйымдастырылды. «Критериалды бағалауға арналған тапсырмаларды әзірлеу және сараптау» бойынша Жұлдызай Сәрсенбаева мен Айгерім Кизайбекова келген мұғалімдермен коучинг өткізді. Бөлім бойынша жиынтық бағалау және тоқсан бойынша жиынтық бағалау тапсырмаларын құруды және сараптауды үйрету арқылы тәжірибе алмасты. «Физика пәнін оқытудағы зертханалық жұмыстардың маңыздылығы» тақырыбында Ақнұр Сейілова мен Меруерт Лекер сабақта қолданылатын зертханалық жұмыстарды, қысқа мерзімді жоспар құруды көрсетіп, тәжірибе алмасты. «CLIL әдісі: физика пәнін ағылшын тілінде оқыту процесінде пән мен тілді кіріктіре оқыту» тақырыбында №48 мектеп-лицей мұғалімі Нұрсұлу Белгібаева және «Нәтижені бағалаудың цифрлық бағдарламалары» тақырыбында №47 мектеп-лицей мұғалімі Айнұр Баекеева әдіс-тәсілдер бойынша тәжірибе алмасты. Семинар соңында рефлексия алынып, мұғалімдер семинардан көп және пайдалы тәжірибе алғандарын айтыпты. Аудандық білім бөлімінің әдіскері Қалипа Сәрсенбаева жиынды қорытындылап, іс-тәжірибе алмасқан, нәтижелі сабақ көрсеткен мұғалімдерді аудандық білім бөлімінің мадақтамасымен марапаттады.
Жұлдызай Сәрсенбаева,
№45 «Ақ Орда» мектеп-гимназиясының
математика пәні мұғалімі.
Жұлдызай Сәрсенбаева,
№45 «Ақ Орда» мектеп-гимназиясының
математика пәні мұғалімі.