ЖАҢА ЖЫЛМЕН БІРГЕ КЕЛГЕН ЖАҢА ӨМІР
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков перзентхана бөліміне арнайы барып, жарық дүние есігін жаңа ғана ашқан сәбилердің аналарын мерекемен құттықтады.Кездесу барысында аудан басшысы аналардың қоғамдағы және отбасындағы айрықша рөліне тоқталып, елдің демографиялық өсіміне қосып отырған өлшеусіз үлестері үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ аналық мейірім мен отбасы құндылықтарының маңызын атап өтті.
– Сіздердің отбасыларыңызға дүниеге келген сәбилер арқылы мол қуаныш пен шаттық келді. Өмірге келген әрбір нәресте – елдің ертеңі, мемлекеттің болашағы. Жаңа жыл қарсаңында туған сәбилер – жаңа жылдың нағыз сыйы. Сәбилеріміз елге адал қызмет ететін, саналы да салауатты азамат болып өссін, – деді аудан әкімі Айтбай Насриддинұлы.
Ізгі ниетпен келген аудан басшысы жаңа өмірге сәби әкелген 13 аяулы анаға арнайы сый-сияпаттар табыс етіп, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және отбасы амандығын тіледі.
Сонымен қатар кездесуде перзентхана бөлімінің дәрігерлері мен медицина қызметкерлеріне де жаңажылдық жылы лебіздер айтылып, еңбектерінің табысты болуына тілектестік білдірілді. Аудан әкімі аналар мен нәрестелердің денсаулығын қорғауда аянбай еңбек етіп жүрген ақ халатты абзал жандардың қызметін ерекше атап өтті.
Дүниеге келген әрбір сәби – тек бір отбасының ғана емес, тұтас елдің қуанышы. Осындай игі шаралар қоғамда отбасы құндылықтарын нығайтып, аналарға деген құрметті арттыра түседі.
Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ








