Халықтың үні – мемлекеттің бағдары

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің құрамын бекіту туралы Жарлыққа қол қойды.
Бұл – елдің қоғамдық-саяси кеңістігіндегі кезекті жаңалық қана емес, мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты жаңа сапаға көтеруге бағытталған маңызды институционалдық қадам.
Халықпен етене байланыс орнатпай, елдің ертеңін орнықтыру мүмкін емес. Өйткені ел тағдырына қатысты әрбір маңызды шешімнің ар жағында миллиондаған азаматтың үміті, талабы мен ұсынысы тұр.
Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы – қоғам үнін еститін, азаматтық бастаманы саралайтын және елдік мәселелерді кеңінен талқылайтын жаңа диалог алаңын қалыптастырудың көрінісі.
Кеңес құрамына 126 адам енді. Оның ішінде этномәдени бірлестіктерден 42, мәслихаттар мен қоғамдық кеңестерден 42, қоғамдық бірлестіктерден 42 өкіл бар.
Бұл құрамның өзінен-ақ бір ақиқат аңғарылады: қоғамның үні елдің ортақ мәселесіне қатысты пікір қалыптастыру үдерісінен тыс қалмауы керек. Әрине, кез келген институттың салмағы оның атауымен немесе санымен емес, атқарған ісімен, айтқан сөзінің салмағымен және қоғамға берген нақты нәтижесімен өлшенеді. Қазақстан Халық Кеңесінің де басты мәні осында.
Қоғамдық ұсыныс қағаз жүзінде қалып қоймай, елдік мәселелерді шешуге ықпал етсе, азаматтардың ой-пікірі тиісті шешімдерге жол тапса, түрлі әлеуметтік топтардың мүддесі бір арнада тоғысса, бұл институттың қоғамдық маңызы да арта түспек.
«Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» дейді дана халқымыз. Бұл – жай ғана мақал емес, ел басқарудың ғасырлардан жеткен философиясы. Бүгінде мемлекеттің қуаты халықпен ашық сөйлесе білуінде, ал қоғамның қуаты елдік мәселеге бейжай қарамай, өз ұсынысын өркениетті диалог арқылы жеткізе алуында. Сондықтан Қазақстан Халық Кеңесінің жұмысы – тек жаңа құрылымның қызметі емес, қоғамдық жауапкершіліктің жаңа белесі.
Мемлекет пен халықтың арасындағы сенім бекемделсе, елдің бірлігі де мығым болады. Халықтың үні естілген жерде қоғамдық келісім орнығады. Қоғамдық келісім бар жерде елдің келешегіне деген сенім бекиді.
Серік ДҮЙСЕНБАЕВ,
облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы




