6 нәресте дүниеге кеелді
«Отан отбасынан басталады» демекші, әр отбасының береке-бірлігі, әр сәбидің болашағы оның өмірге деген көзқарасы жанұясында, атаанасынан алған тәрбиесімен қалыптасады. Бәріңізге мәлім, жыл сайын 15 мамыр – Халықаралық отбасы күнін атап өтудеміз. Бұл – жаңа отау көтерген жас шаңырақтың іргесін бекітіп, үлгілі отбасын көрсететін айтулы күн. Осы күні Шиелі аудандық көпбейінді орталық аурухананың перзентхана бөлімінде 6 сәби дүниеге келді.
Осыны ескерген аудандық қоғамдық даму бөлімі мен «Жастар ресурстық орталығы» КММнің мамандары «Отбасы күні» мерекесіне орай сәбилі болған аяулы аналарды құттықтауды да назардан тыс қалдырмады. Нақтырақ айтар болсақ, аудан әкімінің орынбасары Б.Ысмағұлов, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Н.Палымбетова, аудандық көпбейінді орталық ауруханасының бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Б.Мұсағалиева мен аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы К.Есенбаев және Жастар ресурстық орталығының директоры Е.Әбдешов перзентханаға барып, 6 анаға аудан әкімінің құттықтауын жеткізді. – Дүниеге сәбидің келуі – өмірдің бір ғанибет ғажабы. Шаңырақтарыңызды қуанышқа бөлеп, дүниеге келген сәбидің бауы берік, өмір жасы ұзақ болсын. Ер жетіп, сіздердің қолқанаттарыңыз ғана емес, ел тізгінін ұстар азамат болып өсе берсін, – деді аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов. Ал Шиелі көпбейінді орталық ауруханасының бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Бақтыгүл Мұсағалиева жаңа туылған нәрестелердің де жағдайы жақсы екенін жеткізді. – Еліміз мерекені ұлықтап, атап өтіп жатқан тұста өмірге дені сау ұрпақ келіп, халық санының толыға түсуі бізді де шаттыққа бөлеп жатыр. Қазіргі уақытта кішкентай шақалақтардың және аналардың денсаулықтары бірқалыпты. Аналардың бәрі сәтті босанды. Шыр етіп, дүниеге келген нәрестенің үнін есту анаға да, дәрігерге де үлкен бақыт. Міне, осындай бақытты сәтті бастан кешіріп, бауыр еті – балаларыңызды қолдарыңызға алғандарыңызға қуаныштымыз, – деді ол. Айта кетейік, ауданда жылына екі мыңға жуық нәресте өмірге келеді. Сондай-ақ бөлімде бөбектерге барынша көмек қолын созып, күтім жасайтын қызметкерлердің де еңбегі өлшеусіз. Мақалаға тұздық болсын, төрт айдың ішінде ауданда 530 шақалақ жарық дүние есігін ашқан, яғни аудандағы аналар демографияның өсуіне өзіндік үлестерін қосуда.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ