Шиеліде отбасы күнінде қос сәби дүниеге келді
Жыл сайын 15 мамыр - халықаралық отбасы күні мерекесін атап өтудеміз. Бұл – жаңа отау көтерген жас шаңырақтың іргесін бекітіп, үлгілі отбасын үлгі ететін айтулы күн. Осы мереке күні кешкі сағат 18:00-ге дейін Шиелі ауданаралық ауруханасының перзентхана бөлімінде 2 сәби дүниеге келді.
Алғашқысы Гүлсім Нұрғиса есімді ана таңертең сағат 09:30-да салмағы 2910 гр, бойы – 51 см болатын қыз баланы дүниеге әкелсе, тура бір сағаттан соң аудан тұрғыны Гүлжазира Бағдатқызы 4 келі, 56 см болатын ұл босанды. Қос сәбидің де есімі әлі қойылған жоқ, жағдайлары қалыпты.
Бұл дүниеде бар бақытымыз да, қызығымыз да, күйбең тіршіліктің көлеңкелі сәттерін ұмыттыратын да балаларымыз екені даусыз. Қазақ байлығын қорасындағы малымен емес, бауырындағы баласымен өлшейтіні де содан болар. Бала көбейсе, бұл бір отбасының құт-берекесі ғана емес, күллі елдің байлығы, ұлт демографиясына дем берер жемісі. Осыны ескерген аудан басшылығы Отбасы күні мерекесінде сәбилі болған ақ жаулықтыларды құттықтауды да назардан тыс қалдырмады. Нақтырақ айтар болсақ, аудан әкімінің орынбасары Б.Ысмағұлов, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Н.Палымбет, қоғамдық даму бөлімінің басшысы К.Есенбаев қос ананы перзентханаға барып құттықтап, сыйлықтарын табыстады. Сәбиін бауырына аман-есен басқан жас аналар ақ халаттылар мен аудан әкімдігіне алғысын білдірді.
Отбасы – тәрбиенің бастау бұлағы десек, баланы өмірге бейімдеуде ана мен әкенің рөлі басым. Қазақы дәстүрдің қалыбына үйлестіре айтатын болсақ, әйел-ана ежелден ер-азаматтың сенімді серігі, аяулы жары мен жөн сілтер ақылшысы болып құрметтеледі. Отбасындағы бала тәрбиесіне әйел-ана араласпай тіршіліктің тағы да ажары мен аспаны ашылмаған. Көшпелі дәуірдің дәстүрінде бала бағу, яғни оның бес жасқа дейінгі өсіп-жетілуі ананың ақ сүті мен аялы алақан жылуымен жүзеге асса, одан кейінгі кезеңдегі тәрбиесінде әке мен жалпы қоғамның атқарар міндеті орасан зор деп есептелген. Сондықтан да халқымыз: «Әке – айдын, шеше – ұя», «Әке көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер» деп ұл-қызының тәлім-тәрбиесі мен өнегелік мектебіне әке мен ананың бірдей жауапты екендігін ескерткен.