Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » СТАТИСТИКА САНДАРДЫ СӨЙЛЕТЕТІН САЛА

СТАТИСТИКА САНДАРДЫ СӨЙЛЕТЕТІН САЛА

8 Қараша Статистика күні. Бұл дата еліміз үшін ерекше маңызға ие. Себебі, Сан жылдардан бері сандарды сөйлетіп, тарам-тарам жолмен жүрген статистикалық басқарма дамудың даңғыл жолын салумен келеді. Тарихы көне заманнан бастау алған бұл саланың өзіндік сара жолы бар. Ал, қарашаның сегізінші жұлдызы сала мамандарының ғана емес, ­статистика басқармасының дүйім жұртшылығы тойлайтын айтулы күн екені белгілі. Айтулы күннің қарсаңында біз Шиелі аудандық статистика басқармасының басшысы Алтынкүл Құрбанқызымен сұқбаттастық.

– Алтынкүл ханым, әңгімені алдымен қазіргі заманауи Қазақстанның аумағындағы статистикалық қызметтің пайда болу тарихынан бастасақ...
– Қазақстан аумағындағы статистикалық қызметтің пайда болу тарихына үңілетін болсақ, алғашқы Қазақстан мемлекеті Шу мен Талас өзендерінің бойында Қазақ хандығы құрылғанда халық саны 200 мың адамды құраған болатын. Ал, XV ғасырдың соңында 1 миллион адамға жетті. Алайда, Қазақстанда орталықтандырылған статистикалық қызметтің пайда болуы, Қазақстанның Ресей империясының құрамына кірумен тұспа-тұс келеді. Қазақстан территориясында құрылған бірінші ресми мемлекеттік статистикалық орган Түркістан губерниялық стат комитеті (құрылған күні 22 қаңтар 1868 жыл ведомствасына қарасты Сырдария және Жетісу облыстық статистикалық бюросы болып табылады.) Алайда, 1920 жылға дейін Қазақстанда жоғарыда аталған және басқа да жергілікті статистикалық қызметтерді біріктіретін бірде бір статистикалық орган болған жоқ. Қазақ АССР үкіметі 1920 жылдың 8 қарашасындағы өз қаулысымен «Қазақ АССР-дағы мемлекеттік статистика туралы қаулыны» бекітіп, Қазақ АССР-ның статистикалық басқармасын құрды. Сонымен, Қазақстанның бірыңғай орталықтандырылған статистикалық органдарының құрылған күні 1920 жылдың 8 қарашасы деп саналатын болды. Бұл дата Мемлекет басшысының 2012 жылғы Жарлығымен ресми түрде бекітілді және осыдан бастап 8 қараша статистика күні болып жарияланды.
– Ең алғаш ауданда статистика бөлімі қашан ашылды?
– Шиелі ауданында ең алғаш статистика бөлімі 1965 жылы ашылып, басқарма қызметіне Болат Байсейітов тағайындалды. Сол жылдардан бері ауданда статистика басқармасы өз жұмысын жүргізіп, жыл сайын қарқынды дамып келеді. Оған әрине осы салада аянбай еңбек етіп, үлес қосқан аға-апайларымыздың үлесі зор. 1976 жылы статистика бөлімі екінші дәрежелі аудандық ақпараттық зерттеу станциясы болып қайта құрылды. Бұл жылы бөлім басшысы қыметіне Сейтжан Омаров ағайымыз келген. Сейтжан ағай бөлімді 1990 жылға дейін басқарды. 1988 жылы қазан айында мекеме аудандық статистика бөлімі болып аталды. 1990-2000 жылдар аралығында бөлім басшысы қызметін Мырзабек Бекболов ағамыз атқарды. Содан кейін жаңа ғасырмен бірге жаңа қызметке Нәжмәдин Қалыбаева келіп, бұл мекемені 2019 жылға дейін басқарып, зейнеттік демалысқа шықты. 2019-2020 жылдың қаңтарынан қазан айына дейін басқарманы А.Жандарбеков басқарды. Ал, қазан айынан бастап мен осы басқарманы басқарып, қолымнан келгенше осы салада аянбай еңбек етіп келемін.
– Биыл басқарма жұмысы сыналатын шақ. Яғни, халық санағы қалай жүргізілді? Атқарылған жұмыстар легін ақтарсақ...
– Аудандағы статистика басқармасының атқарып жатқан жұмыстары төңірегінде 2021 жылдың 9 айлық қортынды есеп мәліметтерімен таныстырып өтейін. Өздеріңіз білетіндей елімізде ұлттық санақ жүйесі жүргізіліп жатыр. Оның аяқталуына да аздаған күндер қалды. Шиелі ауданы бойынша тіркелген адамдардың жалпы саны 83 904. Ер адамдар 42 855 болса, әйелдер 41 049 адамды құрап отыр. Өнеркәсіп өнімінің тауарлар көлемі бойынша 46 160 млн теңге, пайыздық есеппен 2020-2021 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында -175,4 процент көрсеткіші бекітілді. Бөлшек сауда көлемі бойынша 2021 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 6 179,8 млн теңге. Тұрғын үйлерді пайдалауға беру бойынша 2021 жылы қаңтар-қыркүйек айларында 47 264 шаршы метр, нақты көлем индексі -114,1 процентті құрап отыр. Ал, ауыл, орман, балық шаруашылығының жалпы өнімі 2021 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 25 978,6 млн теңге, нақтырақ 102, 8 процентті көрсетті.
– Қызмет бабында мекеменің жеткен жетістігі қандай?
– Өте орынды сұрақ. Статистика ­саласы негізінен еліміз үшін зор маңызға ие. Тәуелсіздігімізді алып, өзге елдермен теңестік. Аудан да жыл өткен сайын көркейіп келеді. Статистика басқармасы орналасқан аймақ Шиелі ауданының орталығы. Бұл біз үшін үлкен жетістік. Жергілікті мекемелер, кәсіпорындар мен ұжымдардан жиналатын есептіліктің дәлдігін және жоғары сапалылығын қамтамасыз ету үшін ауданда статистика басқармасының белсенділігі артты. Басқарма жұмысына рейтингтік бағалау жұмысы жүргізілді. Аллаға шүкір, жыл сайын жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, рейтинг бойынша көш бастап келеміз.
– Қазіргі таңда Шиелі аудандық статис­тика басқармасында қанша сала мамандары жұмыс істейді?
– Бүгінгі таңда біздің басқармады үш мемлекеттік қызметкер, төрт техникалық қызметкер, 4 сұқбатшы жұмыс істейді.
– Сұқбатыңызға рақмет!

Сымбат СҰЛТАН
09 қараша 2021 ж. 437 0