Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » СТАТИСТИКА – ӨМІР АЙНАСЫ

СТАТИСТИКА – ӨМІР АЙНАСЫ

Мамандықтың сан түрі бар. Ал соның ішінде асқан жауапкершілік пен тиянақтылықты талап ететін статистика қызметінің орны айрықша. Өйткені, елдің қазіргі жағдайы мен ертеңгі болжамы сол сала дайындаған сандарға тікелей байланысты. Сандарды сөйлететін саланың жұмысын білмекке жол тарттық. Көне ғимараттың ішіне көңілсіздеу кіргенімізбен, атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерді, кез келген мәлімет, сандарды жатқа айтқан аудандық статистика бөлімінің басшысы Алтынкүл Құрбанқызың әңгімесін тыңдап, кәдімгідей қуанып қалдық. Сосын арнайы сұхбат құрдық.

– Алтынкүл ханым, бүгінді бағамдамай, өткенге есеп бермей, болашақты бағдарлай алмайтынымыз анық жайт. Демек, кез келген нәрсенің сандық сипатын шығарып, түрлі саланы бір ортаға жинақтап, нақты ақпарат беретін статистика саласы осынысымен құнды. Олай болса, алдымен статистиканың өткені мен бүгініне тоқталайықшы...
– Қазақстандық мемлекеттік статистиканың пайда болу және даму тарихы ең алдымен қоғам мен мемлекеттің дамуы және олардың әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктерімен етене байланысты. Бұл саланың пайда болу тарихы тым әріде жатыр. Қазақстан аумағындағы статистикалық қызметтің пайда болу тарихына үңілетін болсақ, алғашқы Қазақстан мемлекеті Шу мен Талас өзендерінің бойында Қазақ хандығы құрылғанда халық саны 200 мың адамды құраған болатын. Ал XV ғасырдың соңында 1 миллион адамға жетті. Алайда Қазақстанда орталықтандырылған статистикалық қызметтің пайда болуы, Қазақстанның Ресей империясының құрамына кірумен тұспа-тұс келеді. Қазақстан территориясында құрылған бірінші ресми мемлекеттік статистикалық орган Түркістан губерниялық стат комитеті (құрылған күні 22 қаңтар 1868 жыл ведомствасына қарасты Сырдария және Жетісу облыстық статистикалық бюросы болып табылады.) Алайда, 1920 жылға дейін Қазақстанда жоғарыда аталған және басқа да жергілікті статистикалық қызметтерді біріктіретін бірде бір статистикалық орган болған жоқ. Қазақ АССР үкіметі 1920 жылдың 8 қарашасындағы өз қаулысымен «Қазақ АССР-дағы мемлекеттік статистика туралы қаулыны» бекітіп, Қазақ АССР-ның статистикалық басқармасын құрды. Сонымен Қазақстанның бірыңғай орталықтандырылған статистикалық органдарының құрылған күні 1920 жылдың 8 қарашасы деп саналатын болды. Бұл дата Мемлекет басшысының 2012 жылғы Жарлығымен ресми түрде бекітілді және осыдан бастап 8 қараша статистика күні болып жарияланды.
– Аудандағы мекеменің құрылу тарихын қысқаша айтып өтсеңіз...
– Шиелі ауданында ең алғаш статистика бөлімі 1965 жылы ашылып, басқарма қызметіне Болат Байсейітов тағайындалды. Сол жылдардан бері ауданда статистика басқармасы өз жұмысын жүргізіп, жыл сайын қарқынды дамып келеді. Оған әрине осы салада аянбай еңбек етіп, үлес қосқан аға-апайларымыздың үлесі зор. 1976 жылы статистика бөлімі екінші дәрежелі аудандық ақпараттық зерттеу станциясы болып қайта құрылды. Бұл жылы бөлім басшысы қыметіне Сейтжан Омаров ағайымыз келген. Сейтжан ағай бөлімді 1990 жылға дейін басқарды. 1988 жылы қазан айында мекеме аудандық статистика бөлімі болып аталды. 1990-2000 жылдар аралығында бөлім басшысы қызметін Мырзабек Бекболов ағамыз атқарды. Содан кейін жаңа ғасырмен бірге жаңа қызметке Нәжімәдин Қалыбаева келіп, бұл мекемені 2019 жылға дейін басқарып, зейнеттік демалысқа шықты. 2020 жылдың қаңтарынан қазан айына дейін басқарманы Айтбай Жандарбеков басқарды. 2021 жылдың қаңтар айынан бастап мен осы басқарманы басқарып, қолымнан келгенше осы салада аянбай еңбек етіп келемін.
– Бұл салада қандай жаңашылдықтар бар? Негізгі функционалдық міндеттеріңіз қандай?
– Статистика органының негізгі функциясы қоғамда болып жатқан әлеуметтік-экономикалық процестер туралы жедел ақпаратпен қамтамасыз ету. Әлеуметтік құбылыстардың әртүрлілігі және ақпаратты жинау мен талдаудың статистикалық әдістерін одан әрі дамыту түзілуін, объективті өсуін болжайды. Статистика қызметтерінің алдында жаңа кезеңде тұрған мәселе статистикалық ақпаратты ұсынудың тиімділігін, оның пайдаланушы үшін ыңғайлылығын арттырудың жаңаша тәсілдерін әзірлеу. Негізгі міндетіне алғашқы статистикалық ақпараттарды жинау, бақылау, өңдеу, оны уақытылы тапсырылуын қадағалау кіреді. Бөлім әкімшілік дереккөздермен өзара байланыста жұмыс істейді. Респонденттерге кеңес беру, профилактикалық көмек, олардың ұсыныстарын қарау да бөлім құзырында. Осы жылдың 9 айында 136 жалпы мемлекеттік статистикалық байқаулар жүргізіліп, оның ішінде 22 айлық, 27 тоқсандық 65 жылдық 2 жарты жылдық есептіліктер жүргізілді. Пайдаланушылардың барлық санаттарын толық, шынайы және статистикалық жедел ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында департаменттің интернет ресурсында орналастырылған. Жыл басынан бері «е-статистика» интеграцияланған ақпараттық жүйесінде, 2023 жылдың 9 айында 18 155 респондент есептілік тапсыру тізіміне еніп, 12 631 респонденттің есебі алынды. Онлайн тапсырған респондент саны – 10 708, қағаз жеткізгіште тапсырған респондент саны – 1923. Барлық респонденттерге алдын ала хабарлама беріледі және телефонмен ескертіледі.
– Қоғамның әрбір құбылысын санмен өрнектеп, сенімді де дәл ақпарат үшін тынымсыз еңбек етіп жүрген қызметкерлерге тоқталып өтсеңіз...
– Өте орынды сұрақ. Статистика саласы негізінен еліміз үшін зор маңызға ие. Тәуелсіздігімізді алып, өзге елдермен теңестік. Аудан да жыл өткен сайын көркейіп келеді. Статистика басқармасы орналасқан аймақ Шиелі ауданының орталығы. Бұл біз үшін үлкен жетістік. Жергілікті мекемелер, кәсіпорындар мен ұжымдардан жиналатын есептіліктің дәлдігін және жоғары сапалылығын қамтамасыз ету үшін ауданда статистика басқармасының белсенділігі артты. Ұлттық статистика жүйесі қазір халықаралық талаптарға сай жұмыс атқаруда. Мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясын белгілеуде аталған саланың орны ерекше. Халықтың еңбекпен қамтылуы және жұмыссыздық, халықтың әл-ауқаты, білім, денсаулық сақтау, баға, инвестиция және құрылыс ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп өндірісі, мәдениет, қызмет көрсету, демография, ­сауда тағы басқа сала жөнінде жедел ақпарат осы статистика саласында қызмет атқарып жүрген кәсіби мамандардың еңбегінің арқасы. Қазіргі таңда ауданның статистика бөлімінде қызмет атқаратын бас маман А.Батаевтың, жетекші маман М.Тулегенованың еңбегі орасан. Үй шаруашылығын зерттейтін, халықтың жұмыспен қамтылуы жайлы сауалнама жүргізетін сұхбатшыларымыз З.Әшір, І.Спанова, С.Зотованың да еңбегі айрықша.
– Қызмет бабында ауыз толтырып айтарлықтар жеткен жетістіктеріңіз бар шығар...
– Статистика саласында 2000 жылдан ­бастап есепші-сұхбатшы, статист маман, жетекші маман, бас маман қызметтерін атқардым. 2021 жылы қаңтар айынан бастап ҚР Ұлттық экономика министрлігі статистика комитеті, Қызылорда облысының статистика департаменті басшысының бұйрығымен, Шиелі ауданының статистика басқармасының басшысы болып тағайындалдым. Статистика алаңындағы өз істерінің майталманы саналған ардагер тұлғалардан алған тәлім-тәрбие арқасы деп білемін. Бірнеше облыс, аудан әкімдерінің марапаттарымен қатар 2020 жылы ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігі Ұлттық статистика бюросының «Құрмет грамотасымен» марапатталдым. 2021 жылы Бюро төрағасының «Статистика үздігі» төсбелгісін тақтым. Ал өткен жылы ауданның экономикалық дамуына елеулі үлес қосқаным үшін аудан әкімінің «Жыл қаржыгері – 2022» номинациясын иелендім.
– Керемет! Әрқашан осылай абырой биігінен түспеңіз. Кәсіби мерекелеріңізбен!

Сұлушаш МАДИЯРОВА

07 қараша 2023 ж. 333 0