Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » САНДЫҚ ДЕРЕКТЕРДІҢ ҒАСЫРЛЫҚ СҮРЛЕУІ БАР

САНДЫҚ ДЕРЕКТЕРДІҢ ҒАСЫРЛЫҚ СҮРЛЕУІ БАР

Елімізде статистика күні сонау 1920 жылдың 8 қарашасынан ­бастап тойланып келеді. Бүгінде аталған саланың құрылғанына 102 жыл толды. Бұл саланың тек үкімет үшін ғана емес, қоғам үшін де мәйекті маңызы бар. Себебі бұл сала болып жатқанның бәрін іс жүзінде жарқырата көрсететін қоғам айнасы. Осындай атаулы мерекеге орай біз де аудандағы сандарды сөйлететін статистика бөлімінің тұрмыс-тіршілігімен жіті танысуды жөн санадық.
Бір ғасыр бұрын іске қосылған ұлттық статистика жүйесі қазір халықаралық талаптарға сай жұмыс атқаруда. Қала берді мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясын белгілеуде де аталған саланың орны ерекше. Мемлекеттік басқару органдарының, халықаралық ұйымдардың, қоғамдық және ғылыми ұйымдардың, халықты еңбекпен қамту және жұмыссыздық, халықтың әл-ауқаты, кедейшілік, баға, инвестиция және құрылыс, сыртқы экономика және сауда тағы басқалар жөнінде сапалы және жедел статистикалық ақпараттар туралы мәлімет аталған ұйым арқылы шығарылады. Мемлекет статистикалық мәліметтер бойынша түрлі салалар мен ведомстволардың жұмысын бақылап отыруға мүмкіндік алады. Сол арқылы бюджет бөлінісін де реттейді. Статистикалық қызмет жұмысына халықаралық ұйымдар мен бизнес-құрылымдар да жүгінеді. Сондықтан статистиктердің жұмысы нақтылықты талап етеді. Жүз жыл уақыт ішінде Қазақстанның статистика жүйесі халықаралық талаптарға сай өзгерді. Бүгінгі таңда еліміздің бұл саласында заң жүйесі, нарықтық экономикаға сай статистикалық салалары мен арнайы әдістемелері бар. Сонымен қатар ­статистика жасау үшін қажетті заманауи ­технологияларды енгізу жұмыстары да сәтті жүзеге асырылып жатыр. Мемлекеттік статистика органдарының қызметі Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік статистика туралы» Заңымен және ҚР Үкіметі жыл ­сайын бекітіп отыратын статистикалық жұмыс жоспарымен реттеледі.
Шиелі аудандық статистика бөлімі тарихы тереңде жатқан іргелі мекемелердің бірі. Жыл өткен сайын заман ағымына ілесіп жұмыс сапасын арттыра түсуде. Негізгі міндетіне алғашқы статистикалық ақпараттарды жинау, бақылау, өңдеу және оны уақтылы департаментке жеткізу жатады. Бөлім әкімшілік дереккөздермен өзара байланыста бола отырып жұмыс істейді. Респонденттерді оқыту, кеңес беру, арыз-шағымдары мен олардың ұсыныстарын қарау да бөлім құзырында. Сонымен қатар ауданның әлеуметтік-экономикалық статистикалық көрсеткіштерін қалыптастыруды қамтамасыз етеді. Аудандық статистика бөлімі алдағы жылдарға зор мақсаттар қойып отыр. Ағымдағы жылдың 9 айына ҰСБ Қызылорда облысы бойынша департаментімен 136 ­жалпы мемлекеттік статистикалық байқаулар жүргізіліпті. Оның ішінде: 22 айлық, 27 тоқсандық, 65 жылдық, 2 жартыжылдық.
Қазіргі кезеңдегі статистика органдарының негізгі міндеттерінің бірі пайдаланушылардың барлық санаттарын толық, шынайы және статистикалық жедел ақпаратпен қамтамасыз ету болып табылады. Департаменттің интернет-ресурсында 16 статистикалық жарияланымдар, 254 бюллетеньдер мен жедел ақпараттар, 55 баспасөз хабарламалары орналастырылған. Сонымен қатар пайдаланушыларға ыңғайлы болуы үшін интернет-ресурстың негізгі бетінде негізі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер, сәйкесінше респонденттер үшін қажетті ақпараттар қолжетімді. Департаменттің Facebook және Instagram әлеуметтік желілерінде ресми парақшалары бар. Жыл басынан бері «Е-Статистика» интеграцияланған ақпараттық жүйесінде 18098 статистикалық есептілік, оның 8378 есептілік онлайн режимде қабылданған. Бұл ретте ірі және орта кәсіпорындар есептіліктерін 100 процент онлайн режимде тапсырған. Респонденттер ұсынған мәліметтердің сапасын арттыру мақсатында респонденттермен 6 семинар өткізіліпті.
Енді Шиелі ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы сөз етсек. Ауданның жалпы жер көлемі 3 239 755 га. Қазіргі таңда аудандағы 39 елді мекенде барлығы 85099 адам тұрады. Оның ішінде кент орталығында 36497, ауылдық елді мекендерде 48602 адам бар. 2022 жылдың 1 қазанға ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері ­статистика органдарымен қортындыланады. Жалпы экономикалық тұрғыдан алғанда ауданда тұрақты жағдай қалыптасқан. Ауданның өнеркәсіп өнімдерін өндіруші мекемелері мен кәсіпорындары ағымдағы жылдың 9 айында 53 млрд 268 млн теңгенің өнеркәсіп өнімдерін өндіріпті. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 111,4 процентті құрайды. Өңдеу өнеркәсібі өнімі көлемі 27 млрд 139 млн теңгеге жетіп, 103,0 процентті құрап отыр. Негізгі капиталға салынған инвестицияның көлемі 16 млрд 520 млн теңге. Жалпы құрылыс жұмыстарының көлемі 5 млрд 725 млн теңге болып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 162,9 процентті құрайды екен. Жеке тұрғын үй құрылысы жалпы ­ауданы 48991 шаршы метр. Бөлшек сауда көлемі 7 млрд 297 млн теңге.
Аудан бойынша ауыл шаруашылығы құрылымдары 29 млрд 423 млн теңгенің өнімін өндіріп, былтырғы жылдың осы кезеңінің салыстырмалы бағасымен алғанда 102,5 процентін құрап отыр. Осы жылдың 1 қазанына дейін тірілей салмақта 3911,6 тонна ет, 15229,8 тонна сүт, 2197,6 мың дана жұмыртқа өндіріліпті. Тиісті кезеңмен салыстырғанда ет 101,4, сүт 101,5, жұмыртқа 103,4 процентке орындалған.
Ірі қара 89237, уақ мал 131167, жылқы 23145, түйе 1656, құс 30315 басты құрайды. Ауданда тіркелген шағын және орта кәсіпкерліктің саны 6145 субъектіге жетіп, тиісті кезеңмен салыстырғанда 113,6 процентті құрап отыр. Аудан ­бойынша халық саны 85 099. Экономикалық тұрғыдан белсенді халық саны 36 153, жұмыспен қамтылған адам 34 352. Оның ішінде, жалдамалы қызметкерлер 17 889, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 16 463 адам. Жұмыссыздық деңгей 5,0 процентті құрайды.
Ауданда бұл мекеменің іргесі сонау 1965 жылы қаланған. Алғаш басшысы болып тағайындалған Болат Байсейтовтің 1965-1975 жылдар аралығындағы еселі еңбегін елемеуге болмас. Сонымен қатар ­Сейтжан Омаров, Әбілқасым Палымбетов, Мырзабек Бекболов, Нәжімәдин Қалыбаева, Қуандық Өтешов, Ануза Қойшыбаева, ­Айтбай ­Жандарбеков сынды білікті мамандар да айтулы салада өз қолтаңбасын қалдырған тұлғалар. Бүгінгі таңда статистика бөлімінде бас маман А.Батаев, жетекші маман Ә.Төлегенова бөлімнің бетке ұстар қызметкерлері болса, халық арасында сұқбат жүргізетін З.Әшір, І.Спанова, С.Зотова, Ш.Таңсықбаевалар мекеменің мақтаныштары.
Қазіргі таңда Шиелі аудандық ­статистика бөлімін Алтынкүл Қожамжарова 2021 жылдан бастап басқарып келеді. 2000 жылдан бастап аталған бөлімде есепші-сұқбат, статист-маман, жетекші маман қызметтерін абыроймен атқарған. ­Статистика алаңындағы өз істерінің майталманы саналған ардагер тұлғалардан тәлім алып, осы күнде сол кісілер салған соқпақ жолда өз сүрлеуімен жүріп келеді. Алтынкүл Құрбанқызы ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының «Құрмет грамотасымен» марапатталып, «Статистика үздігі» төсбелгісін кеудесіне таққан.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні. ­Аудан экономикасының қарыштап дамуына, өсіп-өркендеуіне, әл-ауқатының жақсаруына елеулі еңбек сіңірген статистика саласы мамандарының еңбектері өлшеусіз. Көзге көрінбегенімен тау қопарарлық еңбектің нәтижесі аудан абыройын асырып отыр. «Көреген басшы елді өсіреді, күшті майдан ерді өсіреді» демекші, білікті басшының бағыт-бағдарымен жүрген ұжымның ұйымшылдығының арқасында бір отбасындай болған айтулы сала мамандарының мерейлі мерекесі құтты болсын!

Сұлушаш МАДИЯРОВА,
Бақытжан БӘЙІМБЕТ (сурет)


Респонденттерге алғашқы статистикалық деректердің уақытылы ұсынылу қажеттілігі туралы хабарлама жіберіледі. ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының (бұдан әрі – Бюро) Қызылорда облысы бойынша департаменті (бұдан әрі – Департамент) «Мемлекеттік статистика туралы» ҚР Заңына (бұдан әрі - Заң) және ) ҚР ҰЭМ Статистика комитеті төрағасының 2020 жылғы 4 ақпандағы №16 бұйрығымен бекітілген 2022 жылға арналған Респонденттердің жалпы мемлекеттік және ведомстволық статистикалық байқаулар ­бойынша алғашқы статистикалық деректерді ұсыну графигіне сәйкес ұсынылуға міндетті екендігін хабарлайды.
***
Алайда қорытынды талабы орындалмай, аталған нысан көрсетілген мерзімде ұсынылмаса «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан ­Республикасы Кодексінің 497-бабына сәйкес респондентке қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, әкімшілік жаза қолданылатындығын ескертеміз.
***
Ұсынуға қажетті статистикалық нысандардың тізімін Бюроның (http://stat.gov.kz) сайтынан көруіңізге болады және онда статистика органдарына респонденттермен ұсынылатын барлық статистикалық нысандардың тізімін беру бойынша «жүгіртпе» модулі жұмыс жасайды. Респонденттер үшін статистикалық есептіліктерді онлайн режимінде электронды түрде тапсыру «Респонденттер кабинеті» арқылы http://cabinet.stat.gov.kz сілтемесі бойынша жүзеге асырылады.
***
Статистикалық нысан көрсетілген мерзімде ұсынылмаған жағдайда Заңның 12-2-бабының талабына сәйкес респонденттерге қатысты профилактикалық бақылау жүргізіліп, анықталған бұзушылықтарды жою туралы қорытынды жолданады.
***
Қосымша ақпараттарды Шиелі кенті, Рысқұлов көшесі №17 Шиелі ауданының Статистика бөлімі мамандарынан тел: 4-21-07, 87784014552 алуға болады. Сізге статистикалық есептілікті онлайн режимде тапсыру кезінде практикалық көмек көрсетіліп, кеңестер беріледі.

08 қараша 2022 ж. 362 0