Қазалы ауданында Әйтеке би ескерткіші орнатылды
ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би кентінде Әйтеке биге арналған ескерткіш ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Аталмыш шараға Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты. «Республика көлемінде Әйтеке биді есте қалдыру бағытында біраз жұмыстар атқарылды. Оның атында аудан, көшелер, ауылдар бар. Осы ауданның орталығы да - Әйтеке бидің есімімен аталады. Өткен жылы бабамыздың еңселі ескерткішін орнату туралы шешім қабылдаған едік. Бүгін міне, ескерткіш те өз тұғырына қонды. Елбасы өзінің «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Патриотизм ең алдымен туған жерге, өз ауылына, қаласына, өңіріне және кіші отанына деген сүйіспеншіліктен бастау алады» деген болатын. Ал, қазақстандық патриотизмді қалыптастырып, ілгері дамыту ұлтымыздың ұлы адамдарының үлгі-өнегесін ұрпаққа дәріптеу арқылы жүзеге аспақ. Олай болса, Әйтеке бидей ұлыларды ұлықтау - бүгінгі ұрпақтың азаматтық парызы», - деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев. Ескерткіштің ашылуына арнайы Өзбекстан Республикасының Науаи облысындағы Әйтеке би кесенесінен топырақ әкелініп қойылды. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарын тарих ғылымдарының докторы, этнолог Ахмет Тоқтабай және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов құттықтады.
inform.kz
inform.kz