Қазалы қаласына Әйтеке би кенті қосылады
ҚазАқпарат - Қызылорда облысында Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласы бір елді мекен болып қосылады. Жаңа елді мекенді көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен Қазалы ауданында өткен көшпелі мәжілісте талқыланды, деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі.
Айта кетейік, осы жылдың қаңтар және ақпан айларында Әйтеке би және Қазалы кентін дамыту мәселелері бойынша жиындар өткізілген болатын. Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев атқарылған жұмыстар мен бұған дейін де өткізілген басқосуларда берілген тапсырмалардың орындалуы туралы баяндады. Инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп жатқан кенттегі 180 гектар аймақтан (Жанқожа батыр кесенесі маңы) Рәміздер алаңы мен Демалыс паркiн салу үшін 8,2 гектар жер учаскесі белгіленді. Демалыс паркіне ауыз су, электр желісі мен жолы салынып, абаттандыру жұмыстары жүргізілсе, жаңа үлгідегі аттракциондар мен ойын алаңдарын салуға кәсіпкерлермен алдын ала келісім жасалған. Бұл жаңа үлгідегі саябақ жергілікті халықпен қатар, көршілес Арал мен Қармақшы аудандарының тұрғындарына да қызмет көрсететін болады. Аудан әкімінің айтуынша, бір кәсіпкер жаңа үлгідегі тойхана салуға өтініш білдіруде. Өткен аптада аудандық сәулет кеңесінде нобайлық жобасы мақұлданды. Бұдан басқа да кәсіпкерлік мақсатта жер учаскелерін алуға ниет білдіріп отырған азаматтар жетерлік. Сондықтан, жабық базар салу үшін ескі әуежай аумағынан 2 гектар жер учаскесі белгіленді. "Қазақстан МЖӘ орталығы" АҚ-мен "Шағала" балалар тынығу лагерінің құрылысын салуға келісімге отырды, бүгінде инвесторлар іздестірілуде. Бұдан бөлек, 250 орындық аудандық аурухана, 12 екіқабатты үйлер және өзге де әлеуметтік нысандар құрылысының жобалары әзірленді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті аудандық бөлімінің кеңсе ғимараты мен аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі кеңсесінің құрылысы жобасы дайындалуда. Ал биыл аудандық мекемелер үйі мен мәдениет үйі құрылысына облыстық бюджеттен қаржы бөлінген. Бүгінде облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасымен мемлекеттік сатып алу жолдары шешілуде» деді аудан əкімі. Ауданның жаңа орталығында Әйтеке бидің еңселі ескерткіші де орнатылады. Сондай-ақ, "Жасыл белдеу" жасау үшін кент маңынан 14 мың көшет отырғызылып, суаратын арналар жасалды. Бұған қоса, Әйтеке би кентінің 55 көшесін орташа жөндеуге 2,7 млрд теңге болатын жоба-сметалық құжаттары әзірленді. Осыдан 3 көшені (Қ.Ерімбет, Жетес би, Ер Мағзаман) орташа жөндеуді бастауға облыстық бюджеттен 120 млн теңге бөлінді. Ал Қазалы қаласындағы 10 көше моноқалаларды дамыту бағдарламасына сәйкес кезең-кезеңімен шешімін таппақ. Аудан әкімі шешімін күтіп тұрған бірнеше мәселелердің барын да атап өтті. Ол Қазалы ауданындағы 49 көшені газдандыру, "Ақкиіз" және "№165" каналдарын тазарту, көшелерді жөндеу және басқа да мәселелер. Өз кезегінде облыс әкімі басқарма басшыларына құрылыс жұмыстарын қаржыландыру және мәселелердің тез шешімін табуы үшін бірігіп жұмыс жасауларын, ал аудан әкіміне атқарылған жұмыстарды тұрақты түрде бақылауда ұстап, сапасына көңіл бөлуді тапсырды.
inform.kz