ҚОБЫЗДЫ ЖАНЫНА СЕРІК ЕТКЕН
Қоңыр үнді қобызды серік еткен Нартай ауылының тумасы –Тоғжан Шәкиеваның өнері талайды таңдандырып жүр. Ендеше бүгінгі мақаламыз талантты қыз Тоғжанға арналады.
Ол №156 Н.Бекежанов атындағы қазақ орта мектепті тәмамдағаннан соң, Қазанғап атындағы музыкалық колледжге оқуға түседі. Алғаш домбыра сыныбында оқып, содан 1 жылдан кейін анасының кеңесімен қобызға ауысады. Қобыз аспабына ерекше махаббаты оянған қобызшы қыз барлық байқауға қатысып, белсенділік танытады. Ұстазы Айнуза Бегімсалова дарынды қыздың мінезін, ерекше қабілетін дереу байқайды.
Ол №156 Н.Бекежанов атындағы қазақ орта мектепті тәмамдағаннан соң, Қазанғап атындағы музыкалық колледжге оқуға түседі. Алғаш домбыра сыныбында оқып, содан 1 жылдан кейін анасының кеңесімен қобызға ауысады. Қобыз аспабына ерекше махаббаты оянған қобызшы қыз барлық байқауға қатысып, белсенділік танытады. Ұстазы Айнуза Бегімсалова дарынды қыздың мінезін, ерекше қабілетін дереу байқайды.
2019 жылы өткен халықаралық «Golden Dream» атты көпжанрлы байқауда, аспаптық өнер номинациясы бойынша І орынды жеңіп алған. Бұдан бөлек облыстық, республикалық байқауларда алған жүлделі орындары қаншама.
Кейін білімін одан әрі жетілдіру үшін Астана қаласындағы ұлттық өнер академиясына оқуға түсті. Қазіргі таңда академияның 1 курс студенті. Оның бағын ашқан Ықыластың күйі «Жезкиік», «Қасқыр» мен Қорқыттың «Қорқыт» күйлері бірден елдің назарын аударғанын айтып қалды. Өзінің сүйікті аспабы туралы да айтары аз емес.
– Қобыздың үні өзіме қатты әсер етеді. Осы тұста бір қызық жайтты айтайын. Қобыз ойнап отырып, сарынның әсерімен ұйықтап кетемін. Осы аралықта не болғанын түсінбеймін. Өздігімнен басқа әлемде жүргендей боламын. Қолым өзі жүре береді. Мұны халық ұйықтау деп түсінбеу керек. Егер сіз де әуенге тапжылмай кіріп кетсеңіз, бәлки ұйықтап кетерсіз. Тағы да бір оқиғаммен бөлісіп кетейін. Әр байқау, концерт сайын қобалжитыным рас. Бірде үлкен байқауға барғанмын. Сонда «Бақсы» деген күйді орындап отырып қобыздың тиегі атылып кеткен еді. Мен қатты уайымдап, күйімді аяқтап сахнадан шығып кеттім. Бірақ халық тиек атылғанын байқамай қалған екен. Керісінше қатты таңқалып, орындауымды жақсы қабылдады. Сол конкурстан ІІ орын алғаным әлі есімде, – деді Т.Есенбекқызы.
Тоғжанның ендігі мақсаты – оқуын жақсы бітіріп, ұлттық аспапты ұлықтау мен насихаттау. Ауданда осындай өнерлі жастардың бары қуантады. Мәдениеттің тұнығы музыка десек, сол өнердің түбіндегі ең жауһар тас – ол сенсің Тоғжан! Олай болса, осындай дәстүрлі өнердің шынайы дарындылары барда халықтың қазыналы байлығы ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса береді.
Айнұр ИБРАШЕВА