Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қорқыт ата – әлемдік тұлға

Қорқыт ата – әлемдік тұлға

Сәрсенбі күні №47 М.Ломоносов атындағы орта мектепте Қорқыт баба рухына тағзым етіп, қобыз сарынымен қайта қауышқан кеш болды. Тұтас Тұран даласының абызына айналған жанның мұрасымен танысуға ұйытқы болған шараны осы мектептегі кітапхана меңгерушісі Тұрсынкүл Нәбішева мен Гүлмира Саркеева ұйымдастырды. Шараға мектептің 10 сынып оқушылары және «Қорқыт – қобыз» үйірмесінің жетекшісі Ырысалды Қалымбетова мен шәкірті Ақниет Бөлеген, сондай-ақ әнші Меруерт Дүйсебай қатысты.
Тағылымы терең шараның әлқиссасы тұтас түркі жұртына ұлы тұлғаның дүниеге келуін бейнелейтін театрландырылған қойылыммен бастау алды. Одан кейін ауданға белгілі әнші Меруерт Дүйсебай «Қорқыт» әнін төгілте орындады. Келесі кезекте қоңыр үнді киелі аспапты жанына серік еткен қобызшылар сахнаға шықты. Ы.Қалымбетова және шәкірті А.Бөлеген сазды сырды ішіне бүгіп жатқан қобызды шерткенде құдіретті үн құмыға төгілді. Қатысушылар қобыздың шерлі үніне тапжылмастан құлақ түрді. Содан болса керек, қобызшыларға қайта-қайта сұрау салып, Қорқыт бабаның бүгінгі ізбасарлары бір емес бірнеше күйді қатарынан орындады.
Шара барысында сан ғасырлық тарихы бар қыл қобызды кие тұтып жүрген Ы.Қалымбетова жетістіктерімен бөлісті. Әңгіме арасында қобызға деген қызығушылығы қалай басталғаны туралы да сыр шертті. Бүгінде «Қорқыт – қобыз» үйірмесін басқарып отырған ол небәрі 14 жасында қасиетті аспапты қолына алған. Содан бері міне, 30 жылға жуық уақыт өткен.
Қобыздың қоңыр үні күңіренген шараның соңында мектептің оқу ісі жөніндегі орынбасары Сәуле Нұрманова қонақтарға мектеп директоры атынан алғыс хат беріп, сый-сияпат табыстады. Ал оқушылар рухани азық сыйлаған жандарға өз лебізін білдірді.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИ 
23 қараша 2019 ж. 1 227 0