Қызылордада қобызшылар ансамблі құрылмақ
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облсында алдағы уақытта қобызшылар ансамблін құру жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Ата Тұрмағамбет атындағы халық аспаптары оркестрінің және Ақмешіт фольклорлық этнографиялық ансамблінің әртісі Тоқтар Ағыраев білдіріп, облыс әкімінің блогына «Сыр өңірінде қобыз үйірмесі ашылса» деген сауал жолдаған еді. Оған тиісті жауап қайтарылған. Бүгінгі таңда Қызылорда қаласы мен облыстың барлық ауданында қобыз үйірмелері жұмыс жасап жатқаны айтылған. Сыр өңірінің аудандық мәдениет үйлері мен клуб кәсіпорындарында барлығы 14 қобыз үйірмесі жас өрендерге тәлім беріп отыр. Бұл жұмыстар 2017-2018 жылдарда қолға алынып отыр. «Бұл шаралар Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Қорқыт Ата мұраларын насихаттау, қобыздың үнін ұрпақ санасына сіңіру мақсатында жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта өңірімізде «Қобызшылар ансамблін» құру, мәдениет үйлері мен клубтарда Қобыз үйірмелерінің санын арттыру бағытында жұмыстар жүргізілетін болады», - делінген аталған сауалға берілген жауапта. Алдағы уақытта Қызылордада Қобыз күні атап өтілуі мүмкін. Сондай-ақ, биыл қобыздың атасы сналатын «Қорқыт ата» мұрасы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралары тізіміне енгізілді.
inform.kz