Болгарияны бағындырған Тоғжан
Қобыз туралы сөз қозғағанда Қорқыт бабаны айналып өте алмаймыз. Қорқыт – қоңыр үнді киелі аспапты ойлап тапқан алғашқы адамның бірі. Оның соңыңда қалған рухани мұрасы ұлағатты ұрпақ арқылы жалғасын тауып, кезеңнен кезеңге көшіп, бүгінгі күнге жетіп отыр. Қобызға алғаш тіл бітіріп, үнін күй етіп сөйлеткен өнер иесінің ізбасарлары да жоқ емес. Шерлі аспаптың үніне құлақ түріп, өткен ғасырдағы Қорқыттың гөй-гөйін бүгінгі күнмен тоғыстырған сондай өнерлі жандардың қатарында шиелілік Тоғжан Шәкиева да бар. Ол – мұңды сазбен әлдилеген небір керімсал күйшілердің бүгінгі ізі.
Қазіргі таңда қобызды жанына серік еткен жас өнерпаз таудай талабы мен талантын ұштастырып, бәйгеде бақ сынап жүр. Сын сағатында сынақтан сүрінбей өтіп, жүлдемен оралған сәттері де аз емес.
Жыл басында Нартай ауылының тұрғыны Тоғжан Есенбекқызының Болгарияда өтетін халықаралық фестивальге жолдаманы жеңіп алғанын жазған едік. Енді міне, арада алты айға жуық уақыт өткен соң редакцияға ақжолтай жаңалық жетті. Ауданның үкілеген үмітін арқалаған қобызшы қыз Қазақстанға қанжығасы майланып қайтты. Қара теңіз жағалауында өткен «Золотая мечта» байқауына әлемнің түкпір-түкпірінен 30-дан астам талантты жас қатысқан. Осы отыздың арасында нартайлық Тоғжан Қаракемер және Тілептің «Бақсы» күйлерін орындап бірінші орынға орнықты.
Қобызшы қыздың Варна қаласындағы байқауда топ жаруына тәлімгері тер төккен. Қызылорда қаласы Қазанғап атындағы музыкалық колледждің қобызшысы Айнуза Бегімсалованың есімін осы жерде айтпай кетпеске болмас. Халық өмірін өнерімен өрнектеп жүрген ұстаз оқушысының киелі аспапқа деген қызығушылығын оятып қана қойған жоқ, сонымен қатар Тоғжанды қобыздың терең түбіне түсіріп, қос ішекті аспаптың үнін тыңдарман жүрегіне жеткізуді үйретті. Шәкіртінің шыңға шыққанын қалаған Айнуза Берікболқызы Тоғжанды әлем сахнасына көтерді. Осы орайда жеңімпаз бен оның отбасы баланың қанатын қомдап, биікке самғатқан ұстазына және қолдау көрсеткен дос-жаран, ағайын-туысқа өз ризашылығын білдіріп отыр. Алғыс арқалаған адамдардың арасында «Достар дауысы» жобасының продюссері Қалкен Қасымбеков те бар. Ол талантты Тоғжанды Болгарияға жеткізіп, елге аман-есен келуіне өз үлесін қосты. Міне, талантты жас үшін алаңдап, тақымын қысып отырған жандар қаншама?! Енді олардың үміттері ақталып, еңбектері еленді.
Қазір Тоғжан №156 Н.Бекежанов атындағы мектептің 9 сыныбында оқиды. Алға қойған жүйелі жоспары мен межелі мақсаты АҚШ-пен тікелей байланысты. Ол 2020 жылдың ақпан айында құрлық асып, Америка халқын өз өнерімен тәнті етпек. Болгарияны бағындырған Тоғжанның Американың асуын алатынына сеніміміз мол.
Маржан БОЛАТ