Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жүзден жүйрік

Жүзден жүйрік

Шиелілік жас өрендер өз замандас­тары мен қатарластарынан оза шауып, алған білімнің жемісін түрлі байқауларда дәлелдеп, қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытып жүр.
Жылдың үздік студенті қатарынан көріну, биік шыңдарды бағындыру студент үшін үлкен еңбек пен талпыныстың нәтижесі. Жасөспірімдер үшін түрлі байқауда жалындап өнер көрсету оңай шаруа емес. Алайда заманына қарай адамы демекші, қазіргі өскелең ұрпақ білімді, көзі ашық, көкірегі ояу, болашағын бағдарлаған буын. Облыс бойынша жүздеген студенттен іріктеліп, додаларда шашасына шаң жұқтырмай топ жарып жүрген шиелілік 3 студент «Қазақстан 2020: Болашаққа жол» Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясатын дамыту мақсатында өткен республикалық байқауда «Жылдың үздік студенті» атанды.
Дамир Баянбаев – Ақмая ауылының тумасы. №49 орта мектебінің түлегі. Бүгінде Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінің «Өндірістегі электрлік-механикалық жабдықтар» мамандығының 3 курс студенті және атаулы колледждің президенті. Білім ала жүріп, түрлі байқауларда топ жарып, аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық жарыстардың жеңімпазы атанып жүрген жас өрен. Сондай-ақ 2019 жылы «Серпін» жастар сыйлығының иегері атанған.
Ал Аймереке Айтбай – Ыбырай Жақаев ауылының тумасы. №149 Ә.Монтаев атындағы орта мектептің түлегі. Алтын белгі иегері. Қазіргі таңда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Химия-биология» факультетінің 2 курс студенті. Аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі ғылыми жобалардың жүлдегері. Мұнымен қоса Абай, Мұқағали оқуларынан мәнерлеп оқу шебері. Бүгінде «Елбасы медалі» бағдарламасына қатысушы.
Үздік үштікте Динара Даукенде бар. Ол Досбол би ауылының тумасы. №155 Д.Шыныбеков атындағы қазақ орта мектебін «Алтын белгіге» бітірген. Қазір Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 2 курс білім алушысы. 2020 жылдан бері дарындылығы және көшбасшылық қабілеті үшін «Үздік студенттер академиясының» мүшесі.
Міне, осындай жастар кемелденген қазақ елінің тұтқасын ұстар білікті басшысы болмақ. Болашақ жастардың қолында деген кең қолданыстағы үндеу әрбір жас ұрпаққа сөзсіз талпыныс берері анық. Ендеше, жастарға сәттілік тілеп, тек Шиелінің атын ғана емес, еліміздің атын шығарып, түрлі байқауларда жеңімпаз бола берсін демекпіз.

Ақбота Баянбай
04 қаңтар 2021 ж. 446 0