Темірден болар көлігің...
Асығыстық. Жылдамдықты асыру. Жауапсыздық. Жантүршігерлік жол апаттарының басты себептері. Бұған сапасыз жолдарды қосыңыз. Жоғары жылдамдықпен жүруді жаман әдетке айналдырған жауапсыз жүргізушілердің кесірінен елімізде күн сайын жол-көлік апаты орын алуда. Екі күннің бірінде күре жол үстіндегі қайғылы оқиғадан талай жанның тағдыры үзіліп, талайы ауыр жарақатынан айығып кете алмай, өмір бойына мүгедек болып қалуда.
Жол мұраты – жету десек, қазіргі уақытта жол-көлік апатынан жарақат алып, көз жұмып жатқан адамдар санының көбейіп бара жатқандығына қарап бұлай дей алмаймыз. Жол сақшылары жүргізушілердің жылдамдықты шектен тыс асырып, ереже бұзатынын айтады. Осы санаттағы апаттардың 90 проценті жүргізушілердің кінәсінен орын алатын көрінеді. Тек 10 проценті ғана өзге факторлардың салдарынан. Сонда, жолға шыққан адамның мақсаты діттеген жеріне жету емес... бұл дүниеден кету болғаны ма?
Жол мұраты – жету десек, қазіргі уақытта жол-көлік апатынан жарақат алып, көз жұмып жатқан адамдар санының көбейіп бара жатқандығына қарап бұлай дей алмаймыз. Жол сақшылары жүргізушілердің жылдамдықты шектен тыс асырып, ереже бұзатынын айтады. Осы санаттағы апаттардың 90 проценті жүргізушілердің кінәсінен орын алатын көрінеді. Тек 10 проценті ғана өзге факторлардың салдарынан. Сонда, жолға шыққан адамның мақсаты діттеген жеріне жету емес... бұл дүниеден кету болғаны ма?
Бұл баршамызды алаңдатуы тиіс маңызды мәселе. Осыдан 300 жыл бұрын Майқы би «Темірден болар көлігің, темірден болар өлімің» деп айтып кеткен деседі. Сол айтқандай, өлімі темірден болған талай адамның қаны қара жолға сіңді, талай арман қара жолда үзілді.
Әсіресе елді мекендерде, қала ішінде, ауыл көшелерінде жылдамдықты арттыру өте қауіпті екенін жүргізушілер ескере бермейді. Заң талаптары қатаңдатылып, айыппұл көлемі артса да, желік қуған көлік иелерінің жауапсыздығына бұл шектеулер тыйым болмай тұр. Статистикалық деректерге қарасақ, елімізде 2021 жылдың І тоқсанындағы дерек бойынша елді мекендерде жылдамдықты арттыруға қатысты 1200-ден астам жол апаты тіркелген. Асыққан жүргізушілердің кесірінен 136 адам оқиға орнында көз жұмса, 1628 жолаушы ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген көрінеді. Ал, Шиелі ауданы бойынша 2021 жылы 40 жол көлік оқиғасы тіркеліп, жол апатынан 54 азамат әртүрлі жарақат алса, 16 азамат қаза тапқан. Өкініштісі сол барыс жылы басталғанына небәрі 2 айдан астам уақыт ішінде 3 жағдай орын алып, 1 азамат көз жұмды. Әзірше темірден келген өлімнің дерек-дәйегі осылай сөйлеп тұр. Бірақ, көлік тізгіндеген жүргізушілер жауапкершілік жүгін сезінбесе, бұл деректер кеми қоймасы анық.
Адамның айдың-күннің аманында жарық дүниеден мезгілсіз өтіп кеткенінен артық қасірет жоқ. Төтелеп келген ажал ата-анасы болашағынан үміт күткен жасты, әсіресе буыны қатып үлгермеген баланы жұлып алып кетсе, тіпті жаның жұтап, сең соққандай есеңгіреп қаласың. «Асыққан – шайтанның ісі» деген сөз бар. Жаны бар сөз. Қарапайым ғана қағида. Жол ережесін сақтау – әрбір адамның өз өміріне деген жауапкершілігі әрі бірден-бір кепілдігі. Жолды жөндеуге болады, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заңнаманы жетілдіру де уақыттың еншісіндегі іс. Алайда «темір тұлпар» тізгіндегендердің тәртібі түзелмей, жылдамдықпен ойнаған жүргізушілердің желігі басылмай, әр жүргінші өз жауапкершілігін жете түсінбей жағдайдың оңға басуы қиын. Мәселе – заңның қатайтылуында емес, қоғамдық сананың һәм жүргізуші мен жүргінші мәдениетінің әлі де төмендігінде екендігі көзге ұрып тұр...
А.Асанов