Жолға шықсақ, жетуге асығамыз
Әрбір саналы адам өмірде өз тіршілігін өзі жасап, белгілі іс жасауға бейімделген. Осы орайда пенде біткеннің қажетіне жарап, шұғыл тірлікке асыққанда такси қызметі көмекке келетіні жасырын емес. Қазақ халқында «Ерте тұр да, еншіңді ал!» – деген тәмсіл керемет айтылған. Таңмен таласа тұрып, еңбекке кірісуді әдетке айналдырып, такси тұрағындағы ауыл тұрғындарын діттеген жеріне жеткізетін еңбекқор жанның бірі – Ақыл Көзбергенов.
Такси қызметі қаражат көзін табудың ең қарапайым жолы мен кәсіптің бір түрі саналады. Бұл кәсіппен бейнеттің зейнетін көрген ағалар мен көбінесе жұмыссыз жүрген жастар үйінде бос отырмас үшін айналысатын көрінеді. Бүгінде жол-жөнекей жолығатын таксилерден көз сүрінеді. Дегенмен такси жүргізушіге артылатын аманат жүгін бірі білсе, бірі біле бермейді. Себебі, әрбір көлікке мінген жолаушының тағдыры жүргізушіге аманат. Сондықтан жол жүру ережелерін сақтау мен жауапкершілік танытуға келгенде селқостық танытуға болмайды.
Такси қызметі қаражат көзін табудың ең қарапайым жолы мен кәсіптің бір түрі саналады. Бұл кәсіппен бейнеттің зейнетін көрген ағалар мен көбінесе жұмыссыз жүрген жастар үйінде бос отырмас үшін айналысатын көрінеді. Бүгінде жол-жөнекей жолығатын таксилерден көз сүрінеді. Дегенмен такси жүргізушіге артылатын аманат жүгін бірі білсе, бірі біле бермейді. Себебі, әрбір көлікке мінген жолаушының тағдыры жүргізушіге аманат. Сондықтан жол жүру ережелерін сақтау мен жауапкершілік танытуға келгенде селқостық танытуға болмайды.
Ауыл мен аудан арасында немесе қалаға қатынаудың бүгінде қиындығы жоқ. Себебі, қай жерде болсын қолыңды сәл көтерсең болғаны желмен жарысқан жүргізушілер жаныңа жүйіткіп келеді. Бірақ сол саны көп такси қызметкерлерінің сапасы қалай? Сапа дегеніміз олардың қауіпсіздігі, сыпайлығы, тәрбиелігі. Әйтпесе, жүргізушілердің жауапсыздығынан еліміздің жол көлік оқиғалары орын алып, жан түршігетін апаттардың көбейіп жатқаны белгілі.
Статистикалық мәліметтерді сөйлетсек, Қазақстанда жол апатынан жыл сайын шамамен 2000 адам қаза табады. Бұл күніне 5 адам деген сөз. Зардап шеккен адамдардың жартысынан астамы жаяу жүргіншілер. Тағы 20 мыңға жуық адам апат саладарынан алған шамадан тыс жарақатының әсерінен еңбекке жарамсыз болып қалады. Жай ғана 2019 жылдың қазан-қаңтар айларында 13391 жол-көлік апаты тіркелген екен. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 4,8%-ке артық. Ал Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында «Қазақстанда жол-көлік апатынан қайтыс болу мүмкіндігі Еуропа елдеріне қарағанда 11 есеге көп» екенін айтқан еді.
Бүгінгі кейіпкеріміз Талаптан ауылдық округі мен Шиелі кенті арасында жолаушы тасымалдаумен айналысып, несібесін жолдан іздеп жүр. Кейіпкерімізді «Тісқаққан» таксист десек те болады. Себебі 15 жылдан бері ауыл халқының аман-есен кентке қатынауына адал жұмыс істеп келеді.
– Таң ертемен ұйқыдан тұрған соң ең әуелі көлігімнің жай-күйін тексеріп шығамын. Себебі әрбір адамның өмірі маған қымбат. Сондықтан жолға шықпас бұрын көлігімді сайлап алғанды жөн көремін. Бұйырған ризығымды осылай жолдан табамын. Кейде жағдай айтып, ақшасы болмай жолда қалған жандарды алып кетемін. Бұл Алланың разылығы үшін жасалған амал, – деп әңгімесін тарқатты жүргізуші Ақыл.
Оған қоса өтініш білдірген жандардың аманатын арқалап жүреді. Ол көлігіне отырған әр жолаушыны үйіне келген қонағындай қарсы алады. Көпшіліктің сөзіне сүйенсек, Ақыл ауылдағы ең жайлы таксист. Ол ешкімге қабақ шытқан емес. Күніне 3000-4000 теңге табатын такси жүргізушісі ешкімге алақан жаймасам дейді. Алпысты алқымдап қалған ағамыз денсаулығы жарап тұрса, еңбектен қашпай, маңдай термен табыс тапқанды құп көреді. Бұл әрине жатып ішуге әдеттенген жастарға үлгі боларлық жайт. Өйткені, таксиге мінген жандардың көбі жүргізушілердің әдебі мен жылдамдықты асыра айдайтынына шағымданып жатады. Өмірге осылай құштар кейіпкеріміз таксиді қолжетімді кәсібіне айналдырып, адал еңбекпен нанын тауып келеді.
Шапағат Тілеубаев