Нәзікжанды жүргізуші
Қоғамда бүгінгі таңда көліктің тізгінін ұстап, нәпақасын тауып жүрген әйел адамдар да бар. Сондай жанның бірі – 46 жастағы Ләйлә Бабирова. Ол 12 жылдан бері Шиелі кенті мен Жөлек ауылы арасында көлік жүргізіп келеді.
– Күйеуім жол апатына түскен соң, оның денсаулығын жақсарту ниетте көптеген жерге алып бардым. Құдай қосқан қосағым өте мейірбан, ақкөңіл, адал жан. Оның сабырлығы, жауапкершілігі, сыйластығы, өмірге деген көзқарасы мені әлі күнге дейін таңқалдырады. Өйткені, басына сәл бір іс түссе, сынып кететін адамдар да бар. Ал ол өмірге ғашық жан. Сондықтан аз ғана уақыт ішінде күн-түн демей, яғни уақытпен санаспай такси қызметіне кірісіп кеттім. Менде басқа такси жүргізушілері секілді қатып қалған баға жоқ, яғни бергенін аламын. Әр істің өз қайыры бар, сол сияқты не тапсақта берекесін берсін. Сонда ғана бәрі біз ойлағандай болады. Сол себепті мені ауылдастарым «безотказный такси» деп атап кеткен. (күліп) Олар әрқашан маған жылы лебізін білдіріп жүреді. Мен бұл ісімнен еш арланбаймын, – дейді кейіпкеріміз.
Жылуы жоқ үйден без демей ме? Ләйлә Бабирова бүгінде халықтың ыстық ықыласына бөленіп, қалтқысыз қызмет етіп жүрген такси жүргізушісі ғана емес, қара шаңырақтың түтінін түтетіп, жан жары Мұхит Рашовпен бірге 3 қыз, 4 немере сүйіп отырған ардақты әже. Кейіпкеріміздің өмір жолы өмірде өз орнын таба алмай, отбасын былай қойғанда, жеке басының ерік-жігерін, қажыр-қайратын басқара алмай жүрген кейбір жандарға үлгі болсын деген ниетпен шығарып отырмыз.